ТҰРАНДА 41 ТҰРҒЫН ҮЙ БОЙ КӨТЕРЕДІ
Шымкент қаласында құрылыс қарқыны артқан. Бір ғана мысал, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 239,2 мың шаршы метрді құрайтын 2972 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1320 пәтерді құрайтын 20 үй арендалық болса, 1652 пәтерлі 31 үй кредиттік болып табылады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үйлердің құрылысымен және инженерлік инфрақұрылыммен қамту барысымен танысты. Осы жылы 51 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде 41 тұрғын үйдің құрылысы Тұран шағын ауданында жүргізілсе, 10 тұрғын үйдің құрылысы әкімшілік-іскерлік орталығында жүріп жатыр.
Тұранда құрылысы жүріп жатқан 41 тұрғын үйдің үшеуін жазға дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған. 1 шілдеге дейін 6 үйді пайдалануға беру жоспары болса, қалған 32 үйдің құрылысы жыл соңында бітеді. Ал шағын ауданды электрмен қамту жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Ішкі жүйелерді қамту жыл соңына дейін аяқталса, жарықтандыру мен бағдаршамдар орнату 2023 жылға көзделген. Кәріз және табиғи газбен қамту жұмыстарының да 2-кезеңі жүріп жатыр. Жалпы магистралды жүйелер орнатылған соң ғана ішкі жүйелер жүргізілмек. Қала басшысы үйлердің сапасына мән беріп, мерзімінде аяқтауға баса назар аудару керегін тапсырды.