БАЛАЛАР ХИРУРГТАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Соңғы уақытта Шымкент қаласы түрлі саладағы халықаралық жиындар өтетін орталыққа айналып келеді. Соның айқын айғағы ретінде жақында ғана өткен ірі жиынды айта аламыз. Нақтырақ айтсақ, шырайлы шаһарда еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаевтың 85 жылдығына арналған ІІ балалар хирургтарының форумы өтті.
Халықаралық деңгейде өткен жиынға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Орта Азия елдеріндегі балалар хирургиясы қоғамдастығының төрағасы қатысты. Форумның алғашқы күнінде білікті мамандар педиатриялық қызмет турасында түрлі тақырыптарда баяндамалар оқыды. Ал екінші күні қалалық клиникалық балалар ауруханасында травматологиялық, нейрохирургиялық оталар бойынша шеберлік дәрістері өткізілді. Бастама балалар хирургтарының шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруына мүмкіндік берді.
Форум аясында дәрігерлер «сколиоз» диагнозы қойылған 12 жастағы балаға травматологиялық операция жасады. Ота кезінде дәрігерлер науқас баланың қисайған омыртқасын хирургиялық жолмен түзеп берді. Мамандар өткен отаның сәтті болғанын айтады. Бұдан бөлек, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында дәрігерлер жаңа туған сәбиге күрделі ота жасады. Кішкентай пациент перинаталдық орталықтан ауруханаға ауыстырылған. Науқас баланың өңеші бітеліп туылған. Операция бірнеше кезеңде өтетін болғандықтан, тумасынан ауыр дертке шалдыққан шақалаққа алдағы уақытта тағы ота жасалады деп күтілуде.
Ал нейрохирургиялық ота кезінде еліміздің бас балалар нейрохирургі Ғабит Өленбайдың жетекшілігімен 15 жастағы баланың басына күрделі ота жасалды. Мұндай краниопластика операциясы қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет жасалды. «Шеберлік сабағы аясында эндовидеохирургия, лапароскопия, торакоскопия әдісімен оталар жасалды. Бұл операциялар тіліксіз жасалғандықтан, науқастың сауығып кетуіне зор мүмкіндік береді» — дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.