ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Біраз уақыттан бері Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен есепті кездесуі өтіп келеді. Атқарылған жұмыстар мен болашақ бастамалар жайы халыққа таныстырылатын және көптің сауалына жауап беретін жиын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ұйымдастырылуда. 

 

Осы аптада ағымдағы жылдың І тоқсаны бойынша соңғы есепті кездесу өтті. Келесі тоқсанда мұндай форматта өтетін жиындар жалғасады. Онда да өтініштер мен тапсырмалардың, жалпы биылға жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы және сапасы бойынша жиындар жоспарланған.
Қаратау ауданының тұрғындарымен өткен кездесуге Достық, Асар, Асар-2, Шымкент сити, Ақжайық, Бозарық шағын аудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ пен Бозарық саяжайларынан келген 300-ден астам тұрғыннан бөлек, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Онда қала басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалармен бөлісті. Сонымен бірге тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.
Жалпы Қаратау ауданында 265 мыңнан аса тұрғын бар. Шалғай орналасқан елдімекендердің өзекті мәселесі – инфрақұрылым. Аталған мәселе 2023 жылдың соңында толық шешімін табады. Қазіргі уақытта аудан аумағында «Тассай» индустриалды аймағы орналасқан болса, қосымша «Бозарық», «Мәртөбе» елді мекендерінде индустриалды аймақ ашылады. Бұл жаңа жұмыс орнының құрылуына және өндірілетін өнім көлемінің артуына сеп болмақ. Өткен жылы аудан аумағындағы өнеркәсіп орындарымен 125,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырған есепті жиын қала әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі instagram парақшасында тікелей эфир арқылы да көрсетілді.