РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУГЕ 16,4 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Соңғы уақытта қоғамда жиі талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу бастамасы. Енді Қаржы министрі-премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев аталған шараны өткізуге 16,4 миллиард теңге жұмсалатынын айтты.

 

«Референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 миллиард 460 миллион теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссиясы тарапынан тиісті есептер ұсынылды. Бүгін үкімет қаулы қабылдады. Ақша республикалық бюджеттен бөлінеді» деді Ерұлан Кенжебекұлы.
Еске сала кетейік, 2022 жылы 5 мамырда Қазақстан Республикасының Парламенті референдум туралы заңға түзетулер қабылдаған болатын. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум 5 маусымға қойылғаны туралы жарлыққа қол қойды.
Қазіргі уақытта өңір-өңірде референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар жұмысына қызу кірісіп кетті. Оның негізгі мақсаты – референдумның мән-маңызын көпшілікке кеңінен түсіндіру.