НАН МЕН НАН ӨНІМДЕРІ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ. ҚАРАШӨКЕЕВ ҚАЛАЙ АҚТАЛДЫ?

Доллар бағамы қалпына келгенімен, базардағы бағаның арзандамай жатқаны көптің алаңдаушылығын тудырып отырғаны жасырын емес.

Әлеуметтік желідегі жұрт ұн бағасының аспандап, нанның қымбаттайтынын жарыса жазып та жатыр. Жауапты министрлік бағаны бақылауда ұстау үшін барын салып жатқанын жиі мәлімдейді. Әйтсе де сатушыларға мұның тосқауыл болып жатқаны шамалы. Ешкімді айыптамақ ойымыз жоқ. Дегенмен ұн бағасы өссе, сауда сөрелеріндегі нан бағасы шарықтай ма деген қауіп көптің көкейіндегі маңызды сауалға айналғаны қашан. Тараған ақпар ақиқат па?
Біздегі ауыл шаруашылығы саласының жиі сынға ұшырайтыны белгілі. Әсіресе құрғақшылықтан кейін көптің күдігі күшейе түскен. Десе де министр Ербол Қарашөкеев сынға шағылатын маманға ұқсамайды. Ауыл шаруашылығы министрі қоғамды алаңдатқан нан бағасына қатысты былай деді «Қазақстанда әлеуметтік нан қымбаттамайды. Бізде аймақтарға арзан ұнды жеткізуге қажетті бидайдың 275 мың тоннасы резервте тұр. Соның арқасында әлеуметтік нанның бағасы шекті сомадан аспайды». Қош делік, әлеуметтік наннан өзге нан және нан өнімдерінің бағасы шарықтап бара жатқанынан министр мырзаның хабары бар ма?
Ербол Қарашөкеев бұл мәселеден хабардар. Тіпті аталған түйткілден айналып өтуді де біледі. «Себебі жыл басынан бері бидайдың бір тоннасы қымбаттады. Бұрын 115-116 мың теңге болса, қазір 150 мыңға дейін барды. Одан жасалған ұнның бағасы да көтеріледі» дейді ол. Министрдің айтуынша, астық — биржалық тауар. Оған әлемдік бағалардың құбылуы да әсер етеді. Соңғы уақытта теңгенің нығайып жатқаны жасырын емес. Бұл үрдіс ұн бағасының айтарлықтай түсуіне сеп бола алмаған тәрізді. Базардағы бағаны долларға теліп қоятын шенділер теңге нығайғанда неліктен үнсіз жатқаны белгісіз. Демек нан мен нан өнімдерінің бағасы әлі де өсуі ықтимал…