ЖАҢА ҒИМАРАТТАР САТЫЛЫП ЖАТЫР ДЕГЕН АҚПАРАТ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ

Түркістан қаласындағы Шығыс моншасы, Визит орталық, Жеңіс саябағы секілді жаңадан салынған ғимараттар сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.

Бұдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде Түркістандағы ғимараттар сатылып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Қала әкімінің айтуынша, олар сатылған жоқ, сенімгерлік басқаруға берілген. «Әлеуметтік желіде де, халықтың арасында да бұл жағдай үлкен резонанс тудырды. Мұны дұрыс түсіну керек. Сенімгерлік басқару дегеніміз — жекеменшікке беру емес. Келісімшартқа орай, нысанды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Оған бюджеттен қаржы жұмсалмайды», — деді Нұрбол Тұрашбеков. Сонымен қатар сенімгерлік басқаруға беру нысанның сақталуын ғана емес, оның мемлекетке пайда түсіруін де көздейді. Себебі мемлекет тарапынан салынған қаржы өтеліп, кері қайтып тұрса, сол қаражаттар есебінен өзге де мәселелер шешімін тауып, жаңа нысандар бой көтере береді. Бұдан бөлек, аталған бастама кәсіпкерліктің дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етпек.
«Мемлекет тарапынан салынып жатқан ғимараттарды күтіп ұстау оңай шаруа емес. Мәселен, «Жібек жолы» саябағын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер өз бизнесін жүргізеді, әрі халыққа қызмет көрсетеді. Ең бастысы, нысанды күтіп ұстайды. Егер талаптарды орындамаса, келісімшартты біржақты бұзамыз» деп түйіндеді қала әкімі өз сөзін.