ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің есепті кездесуі өтті. Оған Абай ауданына қарасты 8 елді мекеннің тұрғындары қатысты. Атап айтқанда, Қазығұрт, Арғымақ, Карл Маркс, Құрсай, Айкөл, Ақжар және Ақтас-1,2 шағын аудандарынан келген 250-ден аса тұрғын әкіммен жүздесті.

Кездесу қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тікелей эфирден көрсетілді. Жиынды қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды. Сонымен қатар қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Әуелі қала әкімі өткен жылдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, елді мекендерді абаттандыру және инфрақұрылым тарту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. 2022 жылға арналған жоспарларды да тілге тиек етті.
Абай ауданында 34 елді мекен бар. Өңірдегі ең өзекті мәселе – инфрақұрылым. 2021 жылы 8 елді мекен ауыз сумен қамтылған. Биыл Құрсайдың жаңақұрылыс аумағы мен Арғымақ шағын ауданына су беріледі. 2022 жылы Арғымақ, Ақжар, Ақтас-1,2 шағын аудандары газбен қамтылса, Құрсайдың жаңа құрылысына 2023 жылы табиғи газ жүйесі тартылады. Жыл басынан бері аудан тұрғындары тарапынан 374 мәселе көтерілген. Бүгінде оның 78-і шешілген, 249 мәселе жыл соңына дейін, 47-сі 2025 жылға дейін шешімін табады. Жиын сұрақ-жауап және пікір алмасу форматына жалғасты. Тұрғындар инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік және қоғамдық қауіпсіздік жөнінде сауалдар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға тастады.