6 МИЛЛИОННАН АСТАМ АДАМНЫҢ БАНККЕ БЕРЕШЕГІ БАР

Азық-түлік бағасының аспандауы айлығы шайлығына жетпей жүрген тұрғындарға ауыр соққы болды. Енді күнкөріс қамымен банктерге жүгінетін жұрттың қатары қалыңдаған. Бір ғана ақпан айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден 600 млрд теңгеден астам кредит рәсімдеген. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Әлемде болып жатқан саяси ойындардың әр отбасыға әсер етіп жатқанын осыдан-ақ білуге болады. Базардағы баға құбылып тұр. Оның ауыртпалығын қоғам көтеруде. Тығырыққа тірелген тұрғындар не істейді?

Ұлттық банктің мәліметінше, биыл кредит рәсімдеген азаматтардың саны 66 пайызға артқан. Алматылықтар тұтынушылық несие алғандардың көшін бастап тұр. Тізімді әрі қарай Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары жалғастырады. Бұл кредиттік пайыздың өскені тұрғындардың банкке жүгінуіне кедергі болмай тұрғанын айғақтайды. Сөз жоқ, мұның бір ұшы қаржылық сауатқа келіп тірелетіні белгілі. Мұндай үрдіске қатысты сарапшылар да дабыл қағып, кредит алмауға шақыруда. Мәселен, экономист Мақсат Халық «Орталық банк 13,5 пайызға дейін базалық пайызды көтеріп тастады. Ал несиелердің пайыздары тіпті өсіп кетті. Қазір тіпті техниканың өзін бөліп төлеуге алуды тоқтатты. Оның өзі арнайы кредитке рәсімдеу ғана бар. Кепілсіз берілетін несиелер — 3-5 млн-ға дейін. Оның барлығының пайыздары қазір 55-54 пайызға дейін беріп жатқан банктер бар. Ал ол — өте-өте жоғары пайыздар. Ондай пайыздармен несие алуға мүлдем болмайды» дейді. Десе де бөліп төлеп құтыламын деген ойдың жетегінде жиһаз бен өзге де тұрмыстық техника сатып алушылардың саны азаймай отыр. Бұл кредитті қайтаруға дәрменсіз халық санының өсуіне әкеліп жатқаны да жасырын емес.
Бүгінгі таңда 1,5 миллионнан астам борышкер қарызын қайтара алмай жүр. Бұдан бөлек, Қазақстанда екі жыл қатарынан тұтынушылық кредиттер көлемі кәсіпкерлер алған кредит көлемінен асып кетті. Сөз жоқ, банктерде несиенің жылдық тиімді ставкасы да өскен. Тіпті, елімізде рұқсат етілген ең жоғары шекке яғни 55,97 пайызға жақындап қалды дейді сарапшылар. Мұның өзі әлеуметтің ахуалына банк саласының жаны аши қоймайтынын аңғартса керек. Бұл жайында Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев былай дейді: «Бізде халықтың қаржылық сауаттылығы төмендеу. Демек несие мөлшерлемесін қаржылық реттеуші құрықтап ұстағаны жөн. Алайда агенттік те, Ұлттық банк те тұтынушылық кредиттеуді дамыту деген сылтаумен банктерді бетімен жіберді, солардың ығына жығылды. Егер қазіргі жоғарылап бара жатқан мөлшерлемемен қазақстандықтар қаптатып несие алса, елдің әл-ауқаты ары қарай құлдырайды. Жоғары пайызбен кредит алғандар қарыз құрдымына құлайды, одан шығу қиын болады».
Осы тұста қалың оқырманның ойында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі неліктен көп деген сауал туады. Әлеуметтік желіде батыс елдерінде банктің төменгі пайызбен несие беретіні туралы да ақпарат қаптады. Мұның себебі теңгенің тұрақсыздығымен байланысты. Біздегі жылдық инфляция ресми дерек бойынша 8,7 пайызды құрайды. Демек берілген ақша бір жылда осынша пайызға құнсызданады деген сөз. Бұдан бөлек, Ұлттық банктің бекіткен базалық пайыздық мөлшерлемесі де жақында 13,5 пайызға көтерілді. Енді осыншама пайызбен Ұлттық банктен ақша алған екінші деңгейде банктер тұтынушыларға одан жоғары пайызбен несие беретіні анық. Міне, содан тұтынушылық несиелердің пайызы тым жоғары. Ал жоғарыда атап өткен батыс елдерінде базалық мөлшерлеме 1 пайызға да жетпейді. Сәйкесінше, берілетін кредиттердің де пайызы аз. Бұдан бөлек, қарызын қайтара алмай жүрген азаматтардың несиесі де банктің жоғары пайызбен несие беруіне түрткі болады. Көптің жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті инфляцияны 4-6 пайызға қайтару екенін айтқан болатын. Меже орындалса, берілетін несиелердің пайызы да төмендеуі бек мүмкін.
Қош делік, банк пайызының неліктен жоғары болатыны түсінікті. Ал қыруар қарызға батып, банктегі шоты бұғатталған халық бүгінде борышынан құтылудың жолын таппай дал болуда. Тіпті, президенттің бастамасымен құрылған денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан көмек сұрап, өтінім берушілердің де саны артқан. Бұл туралы қордың басшысы Болат Жәмішев мәлімдеді. «Кредитті төлеп берсін» деген талаппен өтініш жазатындар өте көп. Құрметті азаматтар, кредитті алдың ба, несиені солай төле. Басқа айтар сөзім жоқ» деп қысқа қайырды ол. Иә, қордың қандай мақсатпен құрылғаны жиі жазылып жатса да баршаға бірдей түсінікті болмағаны осыдан-ақ белгілі болған тәрізді. Бір нәрсе ғана айқын, көптің мұндай әрекетке баруының артында амалсыздық та бар. Пәтер ақысын төлей алмай, ас-ауқаттан қысылып, мәжбүрлі түрде кредитке жүгінетіндер мемлекет тарапынан кешірім жасалатынына үмітті. Десе де мұның бюджетке ауқымды салмақ салатыны тағы бар. Онсыз да еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі түйткілдер жетерлік. Инфрақұрылым мәселесі, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту жоспары, жұмыспен қамту бастамаларының өзі ел бюджетіне оңайға тиіп жатқан жоқ. Соңғы жылдары Ұлттық қорға иек артып жатқанымыз тағы бар. Сондықтан кредиттік рақымшылық мәселесі қазіргі уақытта өте тиімсіз. Тығырықтан шығар қандай жол бар?
Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының талқыланып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ресей мен батыс тәжірибесінен танып, біліп, қолданысқа енгізуді көздеген заң жобасы жуық арада қабылданбақ. Бұл туралы талқылау да көп болды. Бұқаралық тыңдау да өтті. Енгізілген соңғы өзгерістер жайына тоқталсақ, жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеудің үш түрі бар. Олар – соттан тыс банкроттық, банкроттық соты және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шарасы.
Соттан тыс банкроттық шарасы. Борышкердің банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлар алдындағы борышы 4,9 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспаса, ресми табысы болмаса немесе оның асырауындағы отбасы мүшелерін қосқанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен болса, аталған шараға жүгіне алады. Ескере кетер жайт бар. Аталған шараны қолданатын борышкердің мүлкі болмауы тиіс және банкпен арада борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізуі қажет. Бұдан бөлек, соттан тыс банкроттықты тек банктердің, микрокредиттік ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің алдындағы қарыздарға қатысты ғана қолдануға болады. Аталған шара «электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан соң мемлекеттік кірістер комиетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сонымен қатар сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа да органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылып, тексеріледі. Нәтиже бойынша борышкерге тиісті хабарлама да жолданады. Онда соттан тыс банкроттықты бастауға болатыны немесе рұқсат жоқтығы баяндалады.
Ал егер қарыз көлемі 4,9 миллион теңгеден асып кетсе, кез келген азамат банкроттық сотына жүгіне алады. Бұл шарада борышкердің мүлкі саудаға шығарылуы мүмкін. Түскен қаражат кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жұмсалады. Егер кепіл ретінде борышкердің жалғыз баспанасы қойылған болса, кредитор банкроттық соты шарасы барысында сол баспананы алып қоюға құқылы. Ал баспана кепіл нысаны болмаса, кредиторлар алып қоя алмайды. Айта кету керек, алименттер немесе адам өмірі мен денсаулығына келтірілген залал тұрғысындағы қарыздар есептен шығаруға жатпайды. Егер барлық қарыздың мөлшері мүлік құнынан аспаса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шарасы қолданылады. Ерекшелігі, міндетті түрде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілуі керек. Бұдан бөлек, заң жобасында банкрот деп танылған азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауатын арттыру курстарынан өтуі қарастырылған. Сонымен қатар өзін банкрот деп жариялаған адам үш жыл бойы елден шыға алмайды. Бес жыл көлемінде банк пен микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайды. Өзін қайтадан банкрот деп жариялауға жеті жылдан кейін ғана рұқсат етіледі.
Сөз жоқ, аталған заң жобасы енді азаматтардың кредит аларда жеті рет өлшеп, бір рет кесуіне мұрындық болмақ. Қала берді, той мен жиын үшін банкке борыштар болатын азаматтардың санын да айтарлықтай азайтуға ықпал етпек. Алайда айлығы ас-ауқаттан артпайтын, жалақысы пәтерақысын төлеуге жетпейтін жандарға бүгін қолдау болғанымен, алдағы бірнеше жылда қолбайлау болары тағы бар. Не де болса, әлеуметтің әлеуетін көтеретін Үкіметтің жаңа бастамаларына иек артудан басқа амал жоқ…

А.МАХАНОВ.