ЖАЛҒАНДЫ ЖАЛПАҒЫНАН БАСҚАН БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫНА ТЫҚЫР ТАЯНДЫ

Қазақстанның шалғайда орналасқан ауылдарында интернет мәселесінің бары белгілі. Кейде мінберден айтылатын ақпараттың шынайы өмірге сәйкес келмей жататыны да бар. Мұның бір ұшы жалған ақпарат беруге келіп тіреледі. Мәселен, ұялы байланыс операторлары Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 200 ауылда интернет бар деген жалған ақпарат берген. Мұны министр Бағдат Мусин айтты.

«2019 жылы байланыстың сапасы 50 пайызға тексерілген болатын. Былтыр сол құраммен тағы 560 тексеру жүргізілді. Ұялы байланыс операторларына 2019 жылы 15 млн теңге айыппұл салынса, 2021 жылы айыппұл көлемі 140 млн теңге болды. Яғни 10 есе өскен. Оның үстіне біз бақылау функцияларын күшейттік. Операторлардың қай ауылда байланыс жоқ екенін өздері айтып, мойындай бастады» деді министр.
Мусиннің айтуынша, кемшілігін мойындағандардың кейбірі жалған мәлімет бергенін де жасырмаған. Нәтижесінде 2021 жылы 200 ауылда байланыс және интернет бар деп ақпарат берген операторлар 2022 жылы жоқтығын мойындаған. Себебі тексеру күшейгеннен кейін қатені мойындап, жұмысты басынан бастау керегін түсінген. Міне, осылайша қағаз бетіндегі мінсіз деректердің шынайы өмірмен сәйкес келмейтіні анықталып жатыр. Байланыс үшін төбе жағалап, үйдің шатырына шығатын тұрғындардың тағы бір мәселесі министрлікке белгілі болды. Қандай шара көрілетінін алдағы уақытта білеміз.

«Уақыт».