РЕСЕЙДІҢ ҚАҒАЗ ӨНДІРІСІНЕ ИЕК АРТУДАН БАСҚА ШАРА ЖОҚ

Соңғы күндері қағаз бағасының күрт өскені айқын сезіле бастады. Кеңседе жұмыс істейтін көптің негізгі тауары болғандықтан, бірқатар кедергілердің туғаны да жасырын емес. Осындайда егемен ел атанған отыз жыл ішінде ішкі нарықты қағазбен қамтамасыз ете алмағанбыз ба деген заңды сұрақ туады. Қағаз Қазақстанға қайдан келеді? Күрт өскен бағаны себебі не? Тарқатайық…

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2021 жылы Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы жеткізілген. Бұл шамамен 51 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 30,3 мың тоннасы немесе 61 пайызы Ресейден, 15,1 мың тоннасы немесе 30 пайызы Түркиядан, 4 мың тоннасы немесе 8 пайызы Қытайдан импортталған. Қарап отырсақ, қағаздан солтүстіктегі көршімізге көбірек тәуелдіміз. Демек күрт өскен баға аталған елдегі қағаз өндірісіне тікелей байланысты. Орман қоры бойынша әлемдегі алдыңғы елдердің қатарына кіретін Ресейде қағаз өндірісі тоқтады дегенге сену қиын. Сөйтсек мәселенің тамыры тереңде екен.
Ресейге салынған санкция қағаз өндірісін тұралатып тастаған. Дегенмен өндіріс тоқтады деуге әлі ерте. Мәселе ағартқышта болып тұр. Қағаздың бастапқы түсі сұр болады. Оны ағарту үшін арнайы химикаттар қолданылады. Ал олар Германия мен Финляндиядан импортталады. Енді салынған санкциялардың салдарынан қажет химикаттар діттеген жеріне жете алмай тұр. Сондықтан қағаз өндірісі қысқарған.
Ал отандық өнімнің әлеуетіне келсек, өткен жылы кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндірген. Бұл ішкі нарықтағы жалпы тұтыну көлемінің 5 пайызын ғана құрайды. Еліміздегі «Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал «Goida.kz» 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығара алатын қуатқа ие. Десе де бұл жеткілікті емес. Бағаға келсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша А4 каптамасының орташа бағасы 1,5 мың теңгеден саудаланса, 2022 жылдың наурызына қарай ірі жеткізушілер 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалап жатыр. Елімізде болып жатқан жағдайларға қатысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бүй деді «Менің ойымша, Қазақстанда тауар тапшылығы қатты байқалмайды. Өйткені бізге Ресейден бөлек Қытай мен Түркия елдерінен де қағаз әкелінеді. Сондықтан альтернативті маршруттар бар. Ал бағаға келер болсам, қағаз құны негізсіз көтерілді ме әлде жоқ па, оны тексеретін тиісті мекемелер бар. Бірақ қағаз бағасының неге құбылып тұрғанын білмеймін. Егер кеңсе тауарларын сататын дүкендер бір-бірімен келісіп, бағаны өсірсе, онда тиісті мекемелер нақты шаралар қолданады».
Сарапшылардың пікірінше, Ресей қазірдің өзінде қағазды ағарту ісін өз зауыттарында жандандырып жатыр. Еліміздегі қағаз жетіспеушілігі алдағы 1-2 айдың көлемінде тұрақталады деген болжам да бар. Ресейлік зауыттарға иек артып, отандық қағаз өндірісін дамыту кешеуілдеп қалып жатқан жоқ па деген күдіктің барын да жасырмаймыз. Министр айтқан межелі уақыт та алыс емес. Баға тұрақтала ма әлде өсе түсе ме белгісіз. Ол жағы уақыттың еншісінде…

А.САТЫБАЛДЫ.