СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның аса қауіпті індеті. Елімізде заңсыз жолмен пайдаға кенелгісі яки ісін бітіргісі келетіндермен күрес қарқынды жүруде. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп, жиындар да ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысы әкімдігінде Cыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша мәжіліс өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы тәртібінде ұсынуды қарау тәртібі де сараланды.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Ұзынжас және басқарма басшылары қатысты.
Мәжілісте қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыныстар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін нақты атап өтті. Өздеріңізге белгілі кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген реформалар жарияланды. Абыройлы аттарыңызға кір келтірмей, Отан алдындағы міндеттеріңізді адал атқаруға шақырамын» деді Арман Жетпісбай. Атап өту керек, қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыруға міндетті.