ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА 100 МЫҢ АДАМҒА АРНАЛҒАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНҒАН

Түркістан қаласындағы құрылыс қарқынын көрген туристер елорданы еске алатыны сөзсіз. Соңғы жылдары рухани астана көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып, өзгеріп келеді. Көк тіреген жүк көтергіш крандардың қатары қалыңдап, ай сайын жаңа нысанның пайдалануға беріліп жатқанынан көп хабардар. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін мына деректі келтірейік, әкімшілік-іскерлік орталығында 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерген.

2020 жылдан бері 7, 9 және 12 қабатты 89 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Аталған баспаналар «Отбасы банк» және екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекамен сатылуда. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен де көпқабатты үйлердің құрылысы жүргізіп келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған құрылыс алаңдарына барып, мердігерлермен кездесті.
Облыс орталығы аумағында 225 гектар аумақта 30 саябақ, 13,6 гектар жерде 15 гүлзар мен аллея, 130 гектарға жуық аумақта 9 алаң, 64 га болатын 20 көше және 63 гектарды құрайтын 173 дана сектор нысандары бар. Қазіргі уақытта 500 гектарға жуық ауданда 300-ден астам адам, 67 техника және 65 шақырым гидранттық жүйе жұмыс істейді. 725 мың дана ағаш өсіп тұр. Түркістан қаласында саябақтар мен гүлбақтар және көгалдандырылатын аймақтардың санын арттыру бойынша 2022 жылға арналған жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Қаладағы нысандарды күтіп-ұстау жұмыстары үшін 25 түрлі модельден – 200 бірлік техника алынды. Жоспар бойынша биыл қала аумағында 250 мың ағаш көшеті және 127 гектарға көгал егіледі.
Бүгінде №1 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көлемі 40 гектарды құрайтын аулаларда жөндеу жұмыстары қарқын алған. Асфальт төселіп, 40 ойын алаңшасы мен спорт алаңшалары орнатылып жатыр. Сонымен қатар аталған 1-2 мөлтек аудандарда 54 тұрғын үйді немесе 2705 абонентті үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін подстанция трансформаторларына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Түркістанда ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бекітілген жоспар негізінде жолдар жөнделіп, коммуникациялық жүйелері толығымен аяқталған көшелерде жүзеге асқан.
2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласында 270 шақырымды құрайтын 200-ден астам көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 155 көше жарықтандырылды. Жарықтандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Биыл қосымша 276 шақырымды құрайтын 272 көшеде жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Халыққа қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесі реттеліп, былтыр 40 жаңа автобус сатып алынып, жолға шықты. Қоғамдық көлік 18%-ға жаңарды. Жалпы Түркістан қаласында жалпы 24 қоғамдық көлік бағыты жүреді. Биыл тағы 50 жаңа автобус алу жоспарда бар.