490 ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР АУДАННЫҢ АРНАЙЫ ЖЕР ҚОРЫНА ҚАЙТАРЫЛДЫ

Соңғы жылдары жайылым жер мәселесі жиі көтеріліп келеді. Шалғайда жатқан елді мекендердегі негізгі тіршілік көзінің бірі – мал шаруашылығы. Мұны барша біледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та біраз бұрын жекелеген елді мекендердің ортақ жайылымын ұлғайту жөнінде де тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы Түркістан облысында қай деңгейде орындалып жатыр?

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс көлемінде жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, Ордабасы ауданы әкімдігі мен Ордабасы ауданы прокуратурасы бірлесе отырып, аудан көлеміндегі Бадам, Бөржар, Қажымұқан, Жеңіс, Қараспан, Төрткөл ауыл округтеріндегі елді мекендердің іргесінде орналасқан жалпы көлемі 4515,61 гектар жайылымдық жер учаскелерін пайдаланушы 20 жеке және заңды тұлғаның жайылымдық жер учаскелерін анықтады. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі тарапынан жер иеленушілермен келіссөздер жүргізіліп, жалпы көлемі 490 гектар жайылымдық жер учаскесі Ордабасы ауданы әкімдігінің қаулысымен ауданның арнайы жер қорына қайтарылды.
Бұдан бөлек, қосымша келіссөздер арқылы 3 жер пайдаланушының 512,84 гектар жері де қайтарылады деген жоспар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына қолдау білдіріп, өз еріктерімен 330 гектар жерді қайтаруға ниет білдірген 2 жер иеленушінің өтініші де қаралып, жайылым жер ауқымы артпақ. Нәтижесінде ауданның арнайы жер қорына қайтарылған жайылымдық жер учаскелері аудан көлеміндегі жекелеген елді мекендердің ортақ жайылымына, тұрғылықты ауыл округі әкімі аппаратының теңгеріміне түпкілікті бекітіліп берілетін болады.