ДОПИНГ ДАУЫ: АЛҒАН АЛТЫНДЫ ҚАЙТАРЫП БЕРУ ҮРДІСКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН ЖОҚ ПА?

Соңғы жылдары қазақстандық спортшылардың допинг дауында есімі жиі атала бастады. Лондон Олимпиадасынан кейін төрт бірдей ауыр атлеттің нәтижесі жойылған еді. Ағымдағы жылдың 22 наурызында спорт төрелігі сотының (САS) допингке қарсы департаменті 2021 жылғы тамызда өткен тыңдау қорытындысы бойынша қазақстандық Нижат Рахимовтың допинг мәселесіне қатысты ісі туралы шешім шығарды. Оған сәйкес, ауыр атлетіміз тыйым салынған әдісті қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап спорттан 8 жылға шеттетілді. Бұдан бөлек, 2016 жылғы 15 наурыздан бергі спорттық нәтижелері жойылды.

Токио төрінде өткен байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар мардымды нәтиже көрсете алмады. Осылайша сенім артқан дүлдүлдер сүрініп, алтынсыз қайтпаған Қазақстан тарихта тұңғыш рет қоланы місе тұтты. Әлеуметтік желі дүр сілкініп, тиісті министрлікті сынап жатты. Артынша астарында ауқымды мәселелердің жатқаны да белгілі болды. Тақырыптың буы басылып, жабылды деп ойлағанбыз. Енді допинг дауы мәселе туралы қайта қалам тербеуді талап етіп отыр.
Тарихқа шегініс жасасақ, Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындары күллі қазақ үшін табысты болған еді. Ауыр атлеттеріміз Илья Ильин, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло және Светлана Подобедова алтыннан алқа тағып, жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген. Десе де қуаныш көпке созылмады. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Илья Ильиннің Пекин олимпиадасы кезінде тапсырған қанынан станозолол табылғанын хабарлады. Ал Лондон олимпиадасы кезіндегі сынамадан дегидрохлорометилтестостерон шыққан. Сондай-ақ Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло және Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже көрсеткен. Осылайша үкілеп үміт артқан спортшылар жарыстардан уақытша шеттетілген еді.
Енді бұл қатарға Рио олимпиадасының жеңімпазы Нижат Рахимов те қосылып отыр. Жақында Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы орын алған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. «Әрине, мұндай шешім біз үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені тыңдау барысында Нижат Рахимовтың адвокаттарының дәлелдері көңілге қонымды болды. Тыңдау сәтінен бастап, бұл алты айдан астам уақыт, спортшының атына да, федерацияға да қосымша сұраулар мен түсініктемелер түскен жоқ. Айта кетері, бұл үкім бірінші инстанцияның шешімі, тыңдау бір төрешінің қатысуымен CAS допингке қарсы департаменті деңгейінде өтті» деді ААФ бас хатшысы Алдияр Нұралинов. Спортшының өзі де мұндайды күтпегенін алға тартты. «Осы жұмысқа жауапты болған адамдардың әрекетіне баға берілмегені өкінішті. Негізі сұрақтың бәрі соларға және олардың басшыларына қойылуы керек. Олардың қолы таза емес екенін уақыт көрсетті ғой. Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Сондықтан мен осы шешімге үзілді-кесілді қарсымын!» деді. Рахимов 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 77 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен болатын. Бір жыл бұрын әлем чемпионы атанды. Ал ауыр атлеттің нәтижесі жойылғаннан кейін 2016 жылғы Олимпиада бойынша Қазақстан қоржынында 2 ғана алтын қалып отыр. Олар – бокстан Данияр Елеусінов, жүзуден Дмитрий Баландин.
Көптің көкейінде сан түрлі сауал бар. Ауыр атлетикадан спорттағы алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналатын Қазақстанның аты қашанға дейін допинг дауына іліге береді? Жауапты сала мамандары мен бапкерлердің жазығы ма әлде соңғы кездері спортқа қол сала бастаған саясаттың кесірі ме? Қандай жағдай болсын, күллі қазақты бір сәтке қуантып, алтынды қайтарып беру үрдісі жалғаса берсе, Қазақстанға абырой әпермесі анық.

А.САТЫБАЛДЫ.