АРЫСТА МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН КӘСІП АШҚАНДАР КӨБЕЮДЕ

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, кәсіп ашып жатқан жандар жетерлік. Қол қусырып отырмай, өзін де, өзгені де қажет қаржымен қамтып отырған азаматтар көп. Олардың тәжірибесі, көргені мен білгені көпке үлгі. Сөз жоқ, мемлекет тарапынан әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бастамалар жиі көтеріліп келеді. Өңір-өңірлерде оның пайдасын көріп жатқандар да бар. Бүгінгі материалымызда солардың біріне тоқталуды жөн санадық…

Түркістан облысы, Арыс қаласында мемлекеттік қолдаудың көмегімен қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастаған жандардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, қала тұрғыны Азамат Әбіл өткен жылы «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, өзі ұсынған бизнес-жоспарды сәтті қорғап шыққан. Сәтті жобаның арқасында жас кәсіпкер 583 400 теңге қайтарымсыз грант алып, жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді тазалауға арналған роторлы машина, арнайы шаңсорғыш сияқты құрал-жабдықтар сатып алады.
Қазірде үй жиһаздары мен көлік тазалау ісіне деген сұраныстың көбі белгілі. Кәсіпкер осы істің көзін тауып, едел-жедел кірісіп те кетеді. Нақтырақ айтсақ, ол тапсырыс берушілердің үйіне барып, жиһаздары мен кілемдерін химиялық тазалаумен айналысады. Жас кәсіпкердің айтуынша, тапсырыс берушілердің көбі – қала тұрғындары мен мейрамхана, дәмхана иелері.
«Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жаңаша кәсіп бастадым. Біз ұсынатын қызмет өте қолайлы. Себебі үй жиһаздарын тұрған жерінде химиялық тазалықтан өткізіп, арнайы аппаратпен кептіріп береміз. Бүгінгі таңда тапсырыстар күн сайын артып келеді. Осының барлығы адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесіндегі жетістіктер. Сондықтан өзім секілді жастарға қай істе болсын табандылық таныту қажет дер едім» дейді жас кәсіпкер Азамат Рақымжанұлы. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкердің алдағы жоспарлары көп. Кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыс қарқынын арттыруды қалайтынын да жасырмады.