ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Соңғы уақытта азық-түлік бағасының күрт қымбаттағаны белгілі. Мұны жауапты министрлік делдалдықпен байланыстырды. Тиісті тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Десе де мұның өзі базардағы бағаны тұрақтандыруға жеткілікті емес. Тексеру мен зерделеу жұмыстарына жергілікті атқарушы билік те араласып, тиісті шешімдерді қабылдауы тиіс. Осындай оймен Түркістан облысында қолға алынған шаралар жайын білу мақсатында жағдайды бақылап көрген болатынбыз. Тарқатайық…

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты зерделенуде. Демек жағдай бақылауға алынған. Соңғы деректерге сүйенсек, Түркістан қаласында тауық еті, қырыққабат, сәбіз және құмшекер бағасының өсуі байқалған. Ал қалған 13 тауар (нан, рожки, қарақұмық, қартоп, құнбағыс майы, сары май, пияз, күріш, жұмыртқа, айран, сүзбе, сиыр еті, тұз) бойынша жағдай тұрақты.
Қанттың өңірге толығымен импортталатыны белгілі. Қазіргі таңда «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген. 138 тонна қоры бар. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда келісі 315 теңгеден сатылуда. Қырыққабаттың «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар есебінен 246 тонна қоры бар. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда келісі – 110 теңге. Сәбіздің тұрақтандыру қорында 875 тонна қоры бар, әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда келісіне 100 теңгеден саудаланып жатыр. Тауық етінің «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар есебінен 196,8 тонна қоры бар. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда килограммы 870 теңгеден сатылуда.
Күні бүгінге дейін монополияға қарсы реттеу шеңберінде монополияға қарсы комплаенстің 13 сыртқы актісі түзілген. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өндірушілермен түзілгені – 6. Бұдан бөлек, «Алтын бұлақ» және өзге де базар иелерімен жалға беру ақысын көтермеу бойынша комплаенс түзілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуды жүзеге асыратын сауда нүктелерімен түзілгені – 7. Сондай-ақ облыс көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу мақсатында ірі сауда орындарымен, дүкендермен және базарлармен 1098 меморандум жасалған.