БИЫЛ БІРНЕШЕ НЫСАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

Түркістан қаласы көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып келеді. Қаншама нысандар пайдалануға беріліп, көптің игілігі жолында жұмысын бастап та кеткен. Ал жүріп жатқан құрылыс нысандарының сапасын әкімдік ұдайы бақылап келеді. Мәселен, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан қалалық саябақтағы жасанды көлдің құрылысымен танысты.

Жасанды көлдің аумағы – 13 гектарға жуық. Су сыйымдылығы – 0,6 млн м3. Нысан аумағында орналасқан 8 ғимараттың іргетасының бетон құю жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар су келетін каналдардың жер қазу жұмыстары, темір құбырларды монтаждау жұмыстары қолға алынған. Өңір басшысы аталған нысанды ғана аралап қойған жоқ. Өзге де құрылыс аумақтарына барып, сапасын бақылады. Тарқатайық…
Бүгінде «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған облыстық жедел көмек станциясын салуда. Мұнда кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық, токсикологиялық бригадалар болады. Жақында ашылатын орталықта ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Жедел жәрдем станциясы жылына 70 000 шақыруға шыға алады. Жобаның технологиялық бөлігі әкімшілік-тұрмыстық корпусты, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі ғимараты мен кір жуатын орынды, 25 арнайы медициналық көлікке арналған гараж бен бақылау-өткізу пунктін қарастырады. Орталықтың технологиялық бөлігі оның қауіпсіздігі мен барлық нормативтік талаптардың орындалуын толығымен қамтамасыз етеді. Жедел жәрдем станциясының жалпы жер аумағы 2,2 гектарды құрайды. Жедел жәрдем станциясы жақын күндері пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, облыс басшысы «Қылует» рухани орталығының құрылыс алаңына барды. Бұл орталық кәсіпкерлер ғана емес, жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынуда. Рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болады. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталды. Биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.