ТҮРКІСТАНДА МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Мемлекет басшысы, «Amanat» партиясының төрағасы, Қасым-Жомарт Тоқаев партияны модернизациялауды тапсырғаны белгілі. Соған сәйкес партияны қайта жаңғырту бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекендерде ауыл тұрғындарын аудан орталықтарына сабылтпай, керісінше басшыларды ауылдарға жіберіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдату мақсатын көздейтін мобильді қоғамдық қабылдау жұмысы жұмысын бастады. Жоба алғаш рет Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының 3 ауылдық округінде өтті. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма мамандары, тиісті сала мамандары жоғарыда аталған ауылдық округтерге барып, 125 азаматтың талап-тілегін тыңдады.
С.Рақымов ауылдық округінде өткен мобильді қоғамдық қабылдауда бас-аяғы 67 азаматтың арыз-өтініші қаралған. Мәселелердің дені жайылым жер, ағын су, каналдарды тазалау мен күрделі жөндеуден өткізу мәселелері төңірегінде болды. Мәселен, Көкібел елді мекенінің тұрғыны Б.Абдиров 4 мәселенің мазалайтынын алға тартты. Сөзінше, 80 тұрғын үй каналдағы ағын суды пайдаланады және оған механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуі қажет. Өңірдегі күл-қоқыс төгетін полигон қараусыз қалған. Өзіне тиесілі жерге қатысты заңсыздықтар орын алып отыр. Сонымен қатар тұрғынды елді мекенге жаңа стадион салу жайы да мазалайды.
Жаңабазар елді мекенінде өзекті мәселелер жоқ емес. Өңір бойынша 10 азаматтың талап-тілегі тыңдалған. Ашып айтсақ, А.Жаналиев «Бейнеткеш» мөлтек ауданына елді мекен статусы қайта берілсе деген өтінішін білдірді. Бұдан бөлек Ә.Қуатбай облыстық маңызы бар КХ-29 жолын қайта күрделі жөндеуден өткізу керектігін назарға алуды сұрады. Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер – елді мекен инфрақұрылымы, жайылым жер, жастарды қолдау, үйірмелер ашу мен әлеуметтік түйткілдер.
Жігерген ауылдық округінде де мәселелер жетерлік. Бас-аяғы 15 азаматтың арызы тыңдалған. Оларды мәдениет саласының түйткілдері, асфальт жол салу, электр бағаналарын жаңарту, жайылым жер, көпір салып беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жол кедергілерін орнату мәселелері мазалайды. Барша арыз-өтініш бойынша алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданады. Бірқатарына тиісті түсіндірме жұмыстары да жүргізілді.
Айта кету керек, мобильді қоғамдық қабылдау 15 наурыздан бастап 1 маусымға дейін жалғасады. Жоба барлық елді мекендерді қамтуды көздеп отыр. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе жіті бақылауға алынып, тиісті органдар арқылы оңтайлы шешілуіне дейін партия филиалының назарында болады.