ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАНДАҒЫ БІРЕГЕЙ КЕШЕННІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Әлеуметтің әлеуметін арттыру – әрбір жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті. Осы орайда, қазіргідей бағаның жүгенсіз кетуі көптің қалыпты тіршілігіне әсер ете бастағанын жасыра алмаймыз. Ал Түркістан облысы әкімдігі азық-түлік бағасын реттеу мақсатында диқандардың өз өнімдерін тікелей саудалауына мүмкіндік беретін сауда орталығын салу бастамасын көтеріп, жүзеге асырған болатын. Енді өңір басшысы техникалық ашылудан өткен базардың жұмысымен танысты. Толығырақ толғайық…

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы бірқатар құрылыс нысандары мен жұмысын бастаған орталықтарға барып, жай-күйімен танысты. Сол қатарда жұмысын бастап кеткен Экобазар да бар. Аталған сауда кешеніне барған өңір басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Түркістанға келген шетелдік саяхатшылардың бірі нысанның сапалы әрі тиімді екенін айтып, аталған жобаға қолдау көрсеткен өңір басшысына алғысын жеткізді. Облыс әкімі алдағы уақытта мұнда жүздеген адам жұмыспен қамтылып, Орта Азиядағы таңдаулы сауда орындарының біріне айналатынына сенім білдірді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мұнда диқандар өз өнімдерін делдалсыз, тікелей саудалай алады. Жаңа автовокзал маңында орналасқан базарға өзге облыстар мен Өзбекстанға көліктер қатынайды. Заманауи сауда кешенінде қоймалар, қонақ үй, демалатын орындар, ойын-сауық кешендері бар. Аталған базарда кәсіпкерлер үшін «Яссы бизнес» бағдарламасы арқылы 4 пайызбен 5 жылға кепілдік арқылы несие беру көзделіп отыр. Бұл жөнінде Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен келісім жасалған. Экобазарда 3000-ға жуық сауда орны ұсынылған.
Одан кейін облыс әкімі Түркістан қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі, жеміс-жидек бағына барып, кәсіпкерлердің жоспарын тыңдады. Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің маңын абаттандыру, қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды саралап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.