КҮРІШ АЛҚАБЫ ТАҒЫ ДА ҚЫСҚАРАДЫ

Тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне байланысты Қызылорда мен Түркістан облыстарында күріш алқаптарын мейлінше қысқарту ұсынылып отыр. Себебі аталған дақыл түрін өсіру суды көп қажет етеді. Мұндай алгоритм соңғы жылдары шаруалар шаш етек шығынға батпас үшін қолданылып келеді.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мұндай қадамды биыл да жалғастыруды айтты. Өз сөзінде вице-министр «Қызылорда облысы бойынша магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазалау жүргізілуде. 67 қосымша сорғы сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ суармалы суды ұтымды бөлу және су бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұдан басқа, өткен жылдың тәжірибесі бойынша суару кезектілігі және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану қолданылатын болады. Қалыптасқан жағдайды ескеріп, әкімдікке күріш егісін қысқарту ұсынылды», — деді.
Одан өзге вице-министр Түркістан облысы бойынша Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы Достық каналының егіс алқаптарында күріш егістерін жою ұсынылғанын айтты.
Сонымен қатар ол, биыл Сырдария өзенінің жағдайы алаңдаушылық туғызып отырғанын ашып айтты. Алдын ала есептер бойынша осы жылы вегетацияаралық кезеңде Шардара су қоймасында су ағыны ең төмен деңгейде болады деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты Шардара су қоймасын тіршілік көзіне толтыруда қиындыққа тап болу қаупі бар. Сол үшін де өзеннің төменгі ағысына су төгуге шектеу қойылған. Вегетацияаралық кезең басталғаннан бері Сырдарияның төменгі ағысына 2 млрд-тан аса текше метр су келмеген. Ал Шардара су қоймасындағы Көксарай контрреттегіші өткен жылмен салыстырғанда 770 текше метрге аз су жинаған.
Мұның салдарынан Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін сумен қамтамасыз етуде мәселе туындауы мүмкін. Сондай-ақ Арал өңіріндегі экологиялық жағдайдың күрделенуі де ықтимал.