Көлік салығынан 40 мыңнан астам азамат босатылған

Өткен жылы ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексіне сәйкес Түркістан облысы бойынша 43 842 жеке тұлға көлік салығынан, 47 019 жеке тұлға мүлік салығынан, 63 439 жеке тұлға жер салығынан босатылған.

Бұл туралы Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлімдеді.
Сонымен қатар ол Түркістан облысы құрылғалы үш жыл ішінде бюджеттің кіріс бөлігі екі есе ұлғайғанын айтты. Мәселен, 2018 жылы мемлекеттік бюджетке 150 млрд 478 млн теңге түскен болса, былтыр бұл көрсеткіш 308 млрд 183 млн теңгеге жеткен.
Бүгінде облыста мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 44 қызметтің 38-і электронды түрде көрсетіледі. Көрсетілетін қызметтердің сапасы үнемі департамент тарапынан қатаң бақылауда.