БИЫЛ КӨКТЕМДЕ 300-ГЕ ЖУЫҚ ЕЛДІМЕКЕНДІ СУ БАСУЫ МҮМКІН
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин мәлімдеді.
Ведомства өкілі су басу қаупі ең жоғары аймақтар қатарында Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды облыстары бар екенін алға тартты. Аталған өңірлердегі өзендерде су жылдағы қалыптан асып тұр. Күн күрт жылыған жағдайда ондағы қатқан тоң мен қалың мұздарда қауіпті күшейте түсуі әбден мүмкін.
Табиғи апатты алдын алу үшін қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген Рустамбек Амрин Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Алматы облыстарында да су басу қаупінің орташа ықтималы бар екенін атап өтті.
Одан өзге ол көктемде елдімекендерді су басудың кейбір жағдайларына жергілікті басшылардың салғырттығы себеп болып жататын жасырмады. Себебі қалың жауған қар уақытында шығарылмайды.
Жауған қарды полигонға дер кезінде шығармайтын басшыларға Шымкенттің билігін үлгі ету керек сияқты. Үшінші мегаполисте жерге түскен ақ ұлпа былай тұрсын, ағашқа қонған қардың көзін құрту үшін бюджеттен бірталай қаржы қарастырып қояды емес пе?