БАСҚАРМА БАСШЫСЫ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Шымкентте өткен жылы 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 571,7 мың шаршы метрі – көпқабатты тұрғын үй. Нәтижесінде көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 56 пайызға өскен. Ал ағымдағы жылы 1 млн 60 мың шаршы метр үйді қолданысқа беру көзделуде.

Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейт Рабаев қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде айтты. Сонымен қатар басқарма басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын сөз етіп, биылғы жоспарларымен бөлісті. Атап айтсақ, 2021 жылы бюджет есебінен 4832 пәтерлі 79 тұрғын үйдің құрылысы екі бағытта жүргізілген. Оның 1656 пәтерлі 26 үй арендалық болса, 3176 пәтерлі 53 көпқабатты үй кредиттік бағытта. Жыл қорытындысымен 1 860 кредиттік пәтер мен арендалық 336 пәтер пайдалануға берілген.
«Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджет есебінен 2 972 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұл үйлердің 1652 пәтері кредиттік бағытта, 1320 пәтері арендалық. Аталған үйлердің құрылысын ағымдағы жылы аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр» деді Ә.Рабаев.
Тікелей эфир барысында ондаған сауал келіп түсті. Басқарма басшысы баршасын мұқият тыңдап, жауап берді. Тікелей эфир барысында баспана мәселесінің басты назарда екенін де тілге тиек етті.