АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ӘЛІ ШЫҚПАДЫ бірақ билік нысанның қайда салынатынына әлден бас қатырып жүр

Соңғы жылдары елімізде атом электр станциясын салу мәселесі жиі айтылып келеді. Мұндай ұсынысты бұқара емес, билік көтеріп отыр. Бірақ ел тұрғындары мұндай жобаның іске асуына үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Мұндай наразылыққа қатысты билік түпкілікті шешім халықтың пікірі ескеріле отырып шығарылатынын айтады. Бірақ халықтың бұл тұрғыдағы пікірі мен талабы қандай екенінен хабардар болса да, билік мәселеге қайта орала береді. Неге?

2019 жылдың наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы ресми сапарын көрші Ресейден бастағаны белгілі. Сол жолғы кездесуде Ресей Президенті Владимир Путин Тоқаевқа Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Сол кезде Тоқаев Ресей елінің АЭС салуда толысқан тәжірибесі бар екенін, «Росатомның» жобаларымен атом реакторлары Түркия, Беларусь, Индия, Венгрия, Бангладеш, Египет, Қытай және Финляндияда салынып жатқанын ескеріп, мұны ұтымды ұсыныс ретінде қабылдады. Бірақ бұдан хабардар болған қазақстандықтар мұндай ауқымды жобаның елде салынбауы туралы талаптарын ашық айтты. Ал Президент болса халықтың пікірін ескермей АЭС салу жөнінде шешім қабылданбайды деп мәлімдеген. Мұны қарапайым халық кесімді сөз ретінде қабылдап, алаң көңілдері басылған. Бірақ…
Бірер жылдан соң мемлекет басшысы бұл мәселеге қайта оралды. Былтыр мамыр айында ол халық арасында атом электр станциясы төңірегінде айтылып жүрген қауіп-қорқыныштың бәрі орынсыз екенін, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастау асығыс әрі қате шешім болатынын атап өткен болатын.
Көп ұзамай, яғни 1-қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауы кезінде 2030 жылға қарай елде электр энергиясының тапшылығы болатынын, бұл ретте тиімді шешім АЭС салу керектігін алға тарта отырып, Үкіметке бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды зерделеуді тапсырған.
Президенттің бұл мәлімдемесінен алдын яғни, 26-тамызда Жамбыл облысы, Байзақ ауылындағы әскери бөлімде қару-жарақ қоймасы жарылған. Орын алған апаттан 15 адам қаза тауып, 1 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Сол кезде де жұрт желі арқылы «қару-жарақ қоймасына ие бола алмай отырған Үкімет АЭС салмасын» деп қарсылықтарын қарша боратқан. Ал тиісті ведомства болса қайткен күнде де халықтың талабы ескерілетінін айтып, мәселені шиеленістірмеген.
Алайда өткен жылдың аяғында сол кездегі Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев болашақта электр көзінен тапшылық көрмес үшін елде АЭС салу қажет деп есептейтінін ашық мәлімдеген. Оған негіз ретінде мынадай төмендегідей пікірді алға тартқан.
«Электр энергиясы тапшылығын болдырмау үшін елде АЭС салу керек. Одан басқа электр энергиясын өндірудің балама жолдары соншылықты көп емес. Иә, күн немесе жел энергиясын салуға болады. Алайда ондай станциялар тұрақты энергия өндіре алмайды. Күн стансасы күндіз ғана жұмыс істейді. Ал жел стансасы жел болған кезде ғана қуат көзін өндіреді. Газ электр стансасын салуға болады. Бірақ елде көгілдір отынның қоры оншалықты көп емес. сонымен қатар көмір жағатын стансалар салуға болады. Бірақ әлем бойынша өндірістің бұл түрі тоқтатылған. Сәйкесінше көмір стансаларын салуға қажетті құрал-жабдықтар яғни, турбиналар, қазандықтар шығарылмайды. Мұндай өндіріс тек 2-3 елде ғана қалған. Қалған мемлекеттер көмір стансаларын салудан бас тартқан. Сондықтан да қазіргі таңда әлем бойынша АЭС салу белсенді жүріп жатыр».
Энергетика министрі болған кездегі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінің АЭС салудың маңыздылығы туралы пікірі осылай болатын.
Халықтың пікірін ескеруден гөрі, Президент айтқан бастаманы қолдауға көп басымдық берген Үкімет мүшелері осылайша АЭС салу тиімді екенін алға тартудан шаршамады. Және оған қолайлы жер ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылын атады. «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылығының бұл ұсынысын Президент қолдамаған. Одан кейін АЭС-ті Семей ядролық полигоны орналасқан Курчатов қаласынан салынуы мүмкін деген болжам айтылды. Күні кеше Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Батыс Қазақстан облысында АЭС салу туралы нұсқа қаралып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұрын Батыс Қазақстан облысында атом стансасы болған. Сондай-ақ ведомства өкілі АЭС салу туралы түпкілікті шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты. Дұрыс-ақ. Бірақ биліктің нақты шешім қабылданбай тұрып, нысанның қай жерде орналасатынын анықтауға кірісіп кеткенін қалай түсінеміз?
Сөз соңында мына нәрсені баса айта кетейікші. Жоғарыда Мағзұм Мырзағалиевтың қазіргі таңда әлемде АЭС салу белсенді жүріп жатқаны туралы пікірін келтіре кеттік. Бірақ соңғы жылдары атом қуатынан бас тартқандардың саны айтарлықтай өскен. Мәселен, 1996 жылы АЭС өндірілген энергия көзінің үлесі 18 пайызға жуық болса, былтыр бұл көрсеткіш небары 10 пайызға дейін төмендеген.
Қазіргі таңда әлем бойынша қолданыста 200-ге жуық АЭС бар.

Ж. БАЛАУСА.