«САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН БІЛДІМ». ПРЕЗИДЕНТ ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТУ ТУРАЛЫ БЕРГЕН БҰЙРЫҒЫН ТҮСІНДІРДІ

Елдегі қаңтар оқиғасы кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы халыққа тікелей байланысқа шығып, бірнеше рет үндеу жасағаны белгілі. Ағымдағы жылдың 7-қаңтарындағы үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы  құқық қорғау органдары мен армияға терроршыларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін ескерткен.  Осыған орай тұрғындарға ел аумағында содырларға қарсы антитеррорлық шара жүргізілетіндіктен төтенше жағдайға байланысты енгізілген комменданттық сағат кезінде үйден шықпаулары туралы хабарлама берілген.

Жағдай тұрақталған соң көптеген азаматтар мемлекет басшысының дәл осы бұйрығының кесірінен қаншама бейбіт тұрғынның оққа ұшқаны туралы шағымдар жиілеп кетті. Билік мұндай сарындағы шағымдардың ақ-қарасын анықтау бойынша қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтудан әрі асып жатқан жоқ.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарнаға берген сұхбаты кезінде мұндай бұйрықты беруге не үшін бел буғанын түсіндіріп берді. Өз сөзінде Президент «Жоғарыда аталған жағдай бойынша құқық қорғау органдары басшыларының нақты алгоритмі, іс-қимыл жоспары болмағанын айттым. Істің мəн-жайын бағамдай алмадық. Оны ашық мойындауға тиіспін. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алуға жүрексінді. Жігерсіздік танытты. Мен оларға: «Егер маршал Рокоссовский мен маршал Жуков Сталиннен əрбір іс-қимылдары туралы күнде келіп, рұқсат сұрай берсе, соғыста жеңер ме еді?» — дедім. Бұл – нағыз соғыс. Жауапкершілікті мойынға алу керек еді. Осыған орай ашық мəлімдеме жасағанға дейін қарулы содырларға қарсы оқ атуға тиіспіз деп айтқан болатынмын. Мен жауапкершілікті өз мойныма алдым. Ал өз мəлімдемемде мұны қайталадым. Өйткені жауапты адамдар жүрексінді. Дəл осындай жағдайда мемлекет басшысы жауапкершілікті өзіне алуға тиіс деп ойлаймын»,- деді. Және де Президент кәсіби дипломат ретінде мұның салдары қандай болатынын алдын ала білгенін, бірақ мемлекеттің мүддесі мен азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында болғанын айтты.

Президенттің ескертусіз оқ ату туралы бұйрығы шетелдік демократиялық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызғаны туралы журналист комментарийіне Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен ол кезде Батыстың не дейтіні туралы емес, елімізде тəртіп орнатуды ғана ойладым» деп түйді.

Сұхбат кезінде Президент журналистің қаңтар оқиғасына қатысты жалықтың көкейінде жүрген сұрақтарына  жан-жақты, ашық әрі байсалды жауап берді.  Төтеннен қойылған бірнеше сұрақтарға да тосылып қалмады. Ойын жүйелі жеткізіп, жоспарын ашық айтты. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қанша уақыт Қазақстан Президенті болатынымды білмеймін. Бірақ нақты білетінім, Конституцияға сəйкес екі мерзімнен ұзақ отыра алмаймын. Яғни ешқандай заңға, əсіресе Конституцияға өзгерістер енгізілмейді»,-деді.

Ал Үкіметтің толық отставкаға кетуі туралы халық талабына қатысты «Мен кадрлардың бəрін ауыстыруға қарсымын. Біріншіден, оларды біліктілігі мен жұмыстарының сапасына қарай бағалау керек. Жұрттың талабы осы екен деп Үкіметті жүз пайыз өзгертіп, «Міне, мен келдім, мен – революционермін» деу – менің тəсілім емес. Екіншіден, кадр да көп емес»,-деді. Және  Берияның Сталинге келіп, «Жазушыларға шара қолдану керек. Фадеев ішеді, Шолохов ішеді, Вишневский ішеді, Симонов ішеді, Алексей Толстой да бұдан кет əрі емес дейді. Сталин оған: «Менің басқа жазушыларым жоқ» деген мысалды ойына тұздық ретінде келтірді.

Сұхбат барысында мемлекет басшысы Мәжілісте бірнеше күшті партиялар болуы қажеттігін де тілге тиек етті.

Естеріңізге сала кетсек, 28-қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезі кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен арадағы ынтымақтастықты жолға қою туралы бастама көтерген болатын.  Бұдан алдағы уақытта Мәжіліске кандидаттарын ұсына алатын ұйымдардың саны арта түсуі мүмкін деген байлам жасауға болатын сияқты. Қазіргі таңда Мәжілістегі депутаттар  «Ақ жол», Nur Otan және «Қазақстан коммунистік халықтық» партияларының өкілдері болып табылады.