ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «NUR OTAN МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚАЙТАЛАМАУЫ КЕРЕК»

Өткен жұмада Nur Otan  партиясының кезектен тыс жиырма бірінші Съезі өтті. Жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Əкімшілігінің басшылығы, партия Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Кезектен тыс съезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды. 

Саяси мәні бар отырысқа ел өңірлерінен 389 делегат бейнебайланыс режимінде қатысты. Съезді партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жүргізді. Айта кетейік, бұл Байбектің съезге партия Төрағасының бірінші орынбасары ретінде қатысқан соңғы жиыны еді. Себебі  съезде мемлекет басшысы партия Төрағасы ретінде сөз алған кезінде саяси ұйымның құрылымын қайта қарау қажеттігін, Төрағаның бірінші орынбасары қызметін қысқартып, оның орнына атқарушы хатшыны тағайындауды ұсынған.  Президент өкілеттілігін кеңейткен партия Съезі кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Nur Otan-ның Төрағасы ретінде тағы қандай мәлімдеме жасады? Оқып көрелік.

Жаңа көшбасшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев партияның еліміздегі басты саяси күш екенін, ұйымның Қазақстанды нығайтуға бағытталған маңызды реформалардың бастауында болып, түрлі салада нақты жетістікке жетуімізге елеулі үлес қосқанын айта келе,  оның негізін қалаған, Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да еңбегін ерекше бағалады. Бұл туралы Президент:

– Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Ол Отанымыздың жəне əлем тарихында тəуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз, — деді.

Президент Елбасынң мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алып, осынау ауыр міндетті талап деңгейінде орындай алғанын, сондықтан да оның тарихи еңбегін ұмытпауға шақырды. «Түптеп келгенде, шынайы əрі əділ болған жөн. Өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлыңғыр», — деген мемлекет басшысы жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейтінін сол үшін де Тұңғыш Президенттің тиісті тарихи еңбегіне лайықты баға беруді, ал кеткен қателіктер, еліміздің келешек басшыларына сабақ болуын  ескертті.

Бұдан кейін мемлекет басшысының сөзі партия жұмысына қатысты ойысты.

Тоқаев мемлекет басшысы ретінде партия Төрағасы міндетін арқалап жүру қаншалықты орында екенін сүзгіден өткізіп, жыл соңына дейін нақты байламға бел буатынын атап өтті.

Бұдан бөлек ол, партия Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың жəне жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етугі тиістігін, бұл үшін Nur Otan өзін-өзі жаңартып, бүкіл жұмысын сөзден іске көшіруі керектігін айтты.

«Партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек» деген мемлекет басшысы партия мүшелері  негізінен идеологиялық жəне кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына бағыт-бағдар беруі кажеттігін алға тартты.

Президент «Партияның өміршеңдігі сайлауалды уəделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын жəне орындалмайтын уəде бермеген абзал»,-деді. Және берілген уәделер сөзбұйда болмай, іске асуы қажеттігін, бұл үшін  партия Үкіметпен жəне əкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уəделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керектігін шегеледі.

Сондай-ақ мемлекет басшысы партия мүшелеріне дәл қазіргі таңда неге басымдық беру керек екенін қадап айтып, қадау-қадау тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Төраға  Мəжілістегі партияның фракциясын қайта қарауды, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті əлеуметтік экономикалық мəселелерді шешуге атсалысуын күшейтуді, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыруды,  партия құрамындағы қолынан іс келмейтін мансапқұмарлармен қош айтысуды, ұйым жанынан құрылған Jas Otan жастар қанатының жұмысын күшейтуді жүктеді.

Партияның жаңа Төрағасы, мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тапсырмасынан қандай нәтиже шығатынын төреші уақыт көрсетеді.