ЕЛДЕ КАДРЛЫҚ АЛАСАПЫРАН. ОДАН ҚАЙЫР БАР МА?

Қосылғыштар ауысқанмен, қосынды өзгермейді. Жыл басынан бері сарапшылар осы түсінікті жиі тілге тиек етті. Неге?

Жаңаөзенде басталған бейбіт шеру кезінде біраз адам Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Бірақ бұқараның бұл талабына биліктегілер ә-дегеннен келісе кеткен жоқ. Кейіннен жағдай ушығып, газ бағасының қымбаттауына байланысты Ақтау жұртының датын қолдау ретінде өңірлерде өткізілген бейбіт шерудің соңы бүлікке айналған кезде ғана, Үкімет түгел отставкаға кетіп тынды. Бұл 5-қаңтар еді.  Сол күннен бастап қазақстандықтар Үкімет басына жаңаша ойлайтын, тың бастамалар көтеретін жаңа кадр келіп, министрлер кабинеті жаңарады деп күткен еді. Бірақ…

Отставкаға кету туралы ұсыныс Асқар Ұзақбайұлының өз жанынан шыққан. Президент екі сөзге келместен, оның өтінішін қабылдады. Іле жаңа құрам жасақталғанша Үкімет мүшелері өз қызметін атқара беретіні хабарланды. Ал Премьер-министр қызметін уақытша атқарушы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Ол оған дейін вице-министр қызметін атқарған.

11-қаңтарда Смайылов Үкімет басшысы болып бекітілді. Оның кандидатурасын Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдады. Сол кезде бұл тағайындауға қатысты  «қосылғыштар ауысқанмен, қосынды өзгермейді» деген пікірлер көп айтылды.

Ел егемендік алған жылдан бастап он екінші рет жасақталған жаңа құрамның құрамы да жұрт күткендегідей жаңармады. Жиыны 18 ведомствадан тұратын министрлер кабинетінде тек Энергетика, Ұлттық экономика, денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ақпарат және қоғамдық даму мен Әділет министрлігі ғана жаңарды. Қалған ведомства басшылары мен прьемер-министр орынбасарлары өз қызметтерін сақтап қалды. Сол кезде де сарапшылардың жаңа құрам туралы сөзінің әлқиссасы «қосылғыштар ауысқанмен, қосынды өзгермейді» деп басталып жатты.

Жыл басынан бері Үкімет құрамынан бөлек елде қаншама лауазым иелері аттан ауып, таққа қонды. Мысалы, Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылды. Оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Қарин оған дейін ҚР Президент көмекшісі болған.

6-қаңтарда 2016 жылдан бері ҰР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып келген Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды. Мәсімов жылы орнынан жай кеткен жоқ. Ол мемлекетке сатқындық жасады деген күдікке ілініп, қамалды. Кейіннен билікті тартып алмақ болды және  өз қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды.

«Қызмет – қолдың кірі» екеніне көз жеткізген тағы бір кадр Қайрат Келімбетов болды. Ол Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова қызметінен босатылып, оның орнына Дархан Жазықбаев келді. Жазықбаев бұған дейін  агенттік төрағасының орынбасары міндетін атқарған.

13-қаңтарда Үкіметтегі Энергетика министрі қызметінен кеткеніне бар жоғы үш күн болған Мағзұм Мырзағалиев  мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне бекітілді. Осы тұтса газ бағасының қымбаттауына жол бергені үшін сынның астында қалған Мырзағалиев кеңесші қызметін қаншалықты дұрыс алып жүреді деген заңды сұрақ туындайды?

Келесі күні жаңадан жасақталған Үкімет құрамынан кеткен экс-Әділет министрі Марат Бекетаевтың да айы оңынан туып, жаңа қызметке барғаны хабарланды. Ол «ескі де жаңа Үкімет» құрамының басшысы Әлихан Смайыловтың кеңесшісі атанды.

19-қаңтарда қаңтар оқиғасындағы сын сағатта командирлік рухын көрсете алмады, армия әлеуетін көрсете алмады деген «екілік» баға алып, қызметінен кеткен Мұрат Бектановтың орнына Руслан Жақсылықов ҚР Қорғаныс министрі қызметіне кірісті.

Араға бірнеше күн салып Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен кетті. Енді комиссияға Нұрлан Әбдіров басшылық етпек. Ол оған дейін Сенат төрағасының орынбасары болған.

Бір дәліздің ішінде жүргендердің бұлайша ат ауыстырып жатқанына былайғы жұрт тағы да «Қосылғыштар ауысқанмен, қосынды өзгермейді» деп баға берді.

Кешегі 1-ақпанда қаңтар оқиғасының орын алуына тікелей қатысы бар деген күдікке ілініп отырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды.  Оған дейін бұл қызметте отырған Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен Нұрлан Нығматуллиннің орнына барды.

Мұндай кадрлық аласапыранның болуына жыл басындағы қаңтар оқиғасы айтарлықтай әсер етті. Дүрбелеңнің басы елдегі қымбатшылыққа байланысты халықтың бейбіт митингке шығуынан туындағаны белгілі. Енді жаңа орынтаққа отырған кадрлар қаңтардағы қанды қырғынның өртін тұтатқан қымбатшылыққа тұсау қоя ала ма?

Айтпақшы, билік басында отырғандардың орнын ауыстыру ісі түгесілген соң аймақ әкімдерін қалпақша ауыстыру қолға алынатын сияқты. Осы аптада алып мегаполис Алматы қаласының әкімі ауысты. Осылайша бүлік кезінде «халық алдына шықпады, бұқпантайлап жүрді» деген кінә арқалаған Бақытжан Сағынтаев қала әкімі қызметінен кетсін деген жұрт талабы орындалды. Енді оңтүстік астанаға  бұған дейін Ұлттық банктің төрағасы болған Ерболат Досаев басшылық етеді. Бірақ жұрт Досаевты жылы қабылдап жатқан жоқ. Себебі ол 2006 жылы Денсуплық сақтау министрі болған жылдары Шымкенттегі ауруханаларда балалардың жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтыруы орын алды. 2016 жылы Ұлттық экономика министрі ретінде Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заң жобасын Парламентке бекіттіріп алған басшы ретінде басы дауға ілікті. Өйткені халық депутаттар мақұлдаған бұл заң талаптарына түпкілікті қарсы болып, жаппай наразылыққа шықты. Жағдайдың дәл бұлай ушығатынын күтпеген билік сол кезде Досаевты қызметтен кетіріп тынған. Ал депутаттар бас шұлғып мақұлдаған заңға мораторий жарияланған.

Әкімі ауысқан өңір тек Алматы бола ма әлде жоқ па оны уақыт көрсетеді. Бірақ қазірдің өзінде жұрт арасында Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына, Дархан Сатыбалды Шымкентке әкім болып барады деген гу-гу сөз желдей есіп жүр.