ҮКІМЕТ ҮЙІНДЕ ҰЗАҚ ОТЫРҒАН КІМ?

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстанның Үкімет үйінде бірнеше ауыс-түйістер болды. Жуырда ranking.kz Премьер-министр мен министрлер орынтағына осы уақытқа дейін қанша басшы отырғанына талдау жасады.

Ағымдағы жылдың 5-қаңтарында Қазақстанның  Премьер-министрі қызметіне уақытша атқарушы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Оған дейін Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Смайылов 11-қаңтарда жаңадан жасақталған Үкімет үйінің басшысы болып бекітілді. Бұл 1991 жылдан бері Қазақстан Үкімет үйін басқаруға келген 12-ші басшы еді. Егемендік алғаннан бергі 30 жыл ішінде министрлер кабинетінің екі тізгін, біл шылбырын тізгіндеп, ең ұзақ отырған Кәрім Мәсімов (2084 күн) болды. Ол бұл қызметті әртүрлі жылдар бедерінде екі рет (2007-2012жж; 2014-2016 жж) атқарған.

Үкімет үйі басшысының орынтағында Мәсімовтен кейін ең ұзақ отырған кадр Даниал Ахметов (1307 күн) болды. 2003-2007 жылдары аралағында министрлер кабинетін басқарған Ахметов бүгінде Шығыс Қазақстан облысы әкімі болып табылады.

Үштікті Әкежан Қажыгельдин түйіндейді. Лауазымды қызметке 1994 жылы тағайындалған Қажыгельдин Премьер-министр қызметін 1997 жылға дейін немесе 1094 күн  атқарады.  Ал ең қысқа мерзім Иманғали Тасмағамбетовтың еншісінде екен. Айта кетейік Тасмағамбетов Үкімет үйін 2002-2003 жылдар аралығында басқарған.  Еңбек өтіліндегі бұл жылдар 501 күнге жалғасады. Атқарған ісінен гөрі журналистер сұрағына жалтарудан алдына жан салмаған, қызметінен кеткеніне көп бола қоймаған Асқар Маминның Үкімет үйіндегі жұмыс күндері 1049 күнді құрайды екен.

Сондай-ақ ranking.kz жүргізген талдау бойынша елімізде басшысы жиі ауысатын ведомствалар қатарында Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі көш басында тұрғаны анықталды. Егемен ел болғаннан бері аталған министрліктердің басшылары 19 рет ауысқан екен. Басшысы жиі ауысатын министрліктер қатарында Денсаулық сақтау мен Қаржы ведомствасы бар. Бұл министрліктердің  басшылары отыз жыл ішінде  14 рет жаңарған. Еліміздің Қарулы күштері мен Сыртқы істер министрлігінің басшылары да 13-рет ауысқан. Басшыға жарымайтын тағы бір ведомства қатарына 2014 жылы құрылған Энергетика министрлігін қосуға болады. Осы күнге дейін Энергетика министрі қызметін 5 адам атқарған.

Ал 2020 жылдың қыркүйегінде құрылған Төтенше жағдайлар министрлігі мен 2019 жылдың маусымында құрылған Сауда және интеграция министрлігін осы күнге дейін бір басшы атқарып келеді.

Жалпы елімізде 18 министрлік қызмет етеді. Оның ішінде алты ведомства 1991 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Олар: Ішкі істер минстрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Әділет және Денсаулық сақтау министрлігі.