КАРАНТИНДІК ТАЛАПТАР ЖЕҢІЛДЕДІ
Кешегі жағдай бойынша елімізде 11862 адамнан коронавирустың оң нәтижесі анықталды. Осылайша республика бойынша пандемия басталғалы бері індетті жұқтырғандардың саны 1178559 адамға жетті.
Дәл осы қаңтар айында індетті жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 16 мың адамнан асқан күндер болды. Бұл – елімізде пандемия басталған уақыттан бері алғашқы рекордтық көрсеткіш. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мұны «Омикрон» штамының өте жоғары жұқпалылығына жəне таралу жылдамдығымен байланыстырады. Мамандардың осы пікіріне жүгіне отырып жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен болған кездесуі кезінде «халықтың басым көпшілігі «Омикронмен» ауыруға мәжбүр болатын сияқты» дей келе, мұндай жағдайда карантиндік шектеулерді қатаңдатып, шағын және орта бизнесті тұншықтырудың қажеті жоқтығын айтқан болатын.
Президенттің осы тапсырмасынан кейін тиісті ведомства елдегі инфекциямен күресудің екі жылдық тәжірибесін ескере отырып, білім беру ұйымдарына, карантин мерзіміне және бизнес қызметінде карантиндік талаптарды айтарлықтай жеңілдетті.
Естеріңізде болса, бұған дейін еліміздің Білім және ғылым министрлігі 17-қаңтарда басталған үшінші тоқсанда Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында оқушылар онлайн форматта дәріс алатынын, ал басқа өңірлерде 600-ден көп оқушысы бар мектептерде оқу қашықтан өтетінін хабарлаған. Ал 600-ден аз оқушысы бар мектептерде дәрістер дәстүрлі форматта жүреді делінген.
Бірақ оқытудың бұл форматы қайта қаралды. Бұл туралы Айжан Есмағамбетова:
– Бірінші және екінші тоқсанда мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тəжірибесі қалыптасты. Осыған байланысты 24-қаңтардан бастап сыйымдылығы 600 оқушыға дейінгі көлемді құрайтын мектептер штаттық форматқа ауысты. Ал оқушы саны 600-ден асатын мектептерде оқыту аралас форматта өтеді. Яғни оқушылардың 50 пайызы ғана штаттық форматта оқытылады. Оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакцинамен қамту деңгейі ескеріледі. Жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тəсіл енгізілді: дəрістер – онлайн, қалған сабақтар қолайлы кесте бойынша штаттық режимде өтеді, — деді.
Бірақ сыныпта қандай да бір оқушылардың індетті жұқтыруы анықталса, бүкіл сынып онлайн форматқа ауыстырылады.
Бұдан бөлек, індетті жұқтырған науқастармен жақын байланыста болған жəне коронавирустың симптомсыз түріне шалдыққандар үшін оқшаулану мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқарды.
Еліміздің барлық аймағында Ashyq қосымшасында «жасыл» жəне «көк» мəртебесі бар келушілерге рұқсат етілген бизнес нысандары үшін жұмыс істеу уақытына қатысты шектеулер алынып тасталады.
Эпидемиялық тəуекелі жоғары болса да, Ashyq-та «жасыл» мəртебесі бар адамдар той, еске алу шараларын, спорттық іс-шараларды, көрмелер мен форумдарды өткізе алады.
Сонымен қатар «көк» мəртебесі бар адамдар қонақүйлерге, əуежайларға, темір жол вокзалдарына, автовокзалдарға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» бөлімшелеріне, банктерге, қоғамдық тамақтану орындарына, жабық базарларға, білім беру орталықтарына, SPA-орталықтарға, сұлулық салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдарға ешқандай шектеусіз кіре алады.
Эпидахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары аймақта» қоғамдық тамақтану орындарының, мəдениет нысандарының, ересектер мен балаларға арналған ойын-сауық орындарының толымдылығы 70 пайызға дейін, «қызыл аймақта» 60 пайызға дейін ұлғайтылды.
Дегенмен де елде денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктеме артып, коронавирустың салдарынан болатын өлім-жітімнің көбеюі анықталған кезде қосымша шектеу шаралары енгізілуі әбден мүмкін. Яғни арқаны кеңге салып, сақтық шараларына салғырт қарасақ, карантиндік шектеулерге тағы шырмалуымыз мүмкін.