БАҒДАРЛАМА МЫҢДАҒАН ОТБАСЫН СӘБИ КҮЛКІСІНЕ ШОМЫЛДЫРАДЫ

Былтыр еліміз бойынша 14 мыңнан аса әйел мен 4,5 мыңға жуық ер азамат бедеулік диагнозымен тіркелген екен. Бірақ оларға қойылған мұндай нақтама үкім емес. Яғни бұл азаматтардың барлығы бала сүйе алмайды деп кесіп айтуға тағы болмайды.

 

Дамыған медицина жолымен яғни экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы қаншама адам дертіне дауа тауып, сәбидің күміс күлкісіне шомылып отыр. Алайда материалдық жағдайдың жеткілікті болмауынан біраз отбасының дамыған медицинаның осы түрін пайдалануға мүмкіндігі бола бермейтін. Ал мемлекет есебінен жасау үшін берілетін квотаның көлемі санаулы болатын. Бәріне бірдей жетпейтін. Бірақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мәселе айтарлықтай өз шешімін тапты.
Естеріңізде болса, 2020 жылдың 1-қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап экстракорпоральды ұрықтандыру квоталарын
7 есеге ұлғайтуды тапсырған болатын. Соның негізінде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске асыруды айтқан. Аталған бағдарлама аясында былтыр 7 мың пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасалған. Яғни бұған дейін ЭКҰ-ға 10 жылда 10 мыңдай ғана квота бөлінген болса, 2021 жылы осы квоталардың 70%-ы бір жылда ғана беріліп отыр.
Жасалған жұмыстардың нәтижесінде қанша отбасы бала сүю бақытына кенелді?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Аналар денсаулы-ғын қорғау басқармасының басшысы Шәкизат Халықованың келтірген дерегі бойынша былтыр аталған бағдарлама аясында 7 мың пациентке ЭКҰ жасалып, нәтижесінде 3 мыңға жуық әйел құрсақ көтерген. Бұл – нәтижелі көрсеткіш. Бүгінде 360 сәби дін-аман дүниеге келген. Дүние есігін ашқан сәбилердің 181-і – қыз, 179-ы – ұл бала. Әлі де ай күнін күтіп отырған әйелдер бар.
Айта кетейік, еліміздегі 8 қалада 27 репродуктивті медицина орталығы жұмыс істейді. Соның ішінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің 7 мың квотасын Әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 19 клиника ұсынған. Оның үшеуі – мемлекеттік, 16-сы – жекеменшік.
Шәкизат Халықова квота иеленген пациент алғашқы мүмкіндігінен жүкті бола алмаса, келесі жылы тағы бір рет ЭКҰ әдісіне тегін жүгіне алатынын алға тартады. Тағы бір айта кетерлік жәйт квота бойынша алғашқы алынған эмбриондарды біраз жылға дейін сақтауға мүмкіндік бар.
Аталған бағдарлама аясында енді 2025 жылға дейін жыл сайын 7 мың квота қарастырылады. Бұл ЭКҰ кезегінде тұрған пациенттерді МӘМС арқылы барынша қамтуға мүмкіндік туып отыр.