ҮКІМЕТТЕГІ ЕҢ ҮЛКЕНІ ТҰРҒЫМБАЕВ
Қазақстанның Үкімет үйіндегі ең жас министр 38-де болса, ең үлкені 59 жаста. Жалпы Үкіметтегі министрлердің орташа жасы шамамен 49 жасты құрап отыр. Бір жыл бұрын министрлердің орташа жасы 48 жасты құраған.
Бұл туралы ranking.kz жазады.
Аталған компания осылайша бір жыл уақытпен салыстырғанда ел Үкіметі қартаюда деген тұжырым жасайды. Бірақ Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен салыстырғанда елімізде министрлер кабинетінде егде тартқандардың үлесі аз екенін байқауға болады. Мысалы, Ресейдегі министрлердің орташа жасы 53,6 болса, Беларуссияда 51,2, Қырғызстанда 50,7, Арменияда 45,7-ні құрайды.
Армениядан бір саты жоғары тұрған Қазақстандағы Үкімет үйіндегі жасы ең үлкен министр Ерлан Тұрғымбаев болып табылады. Ішкі істер министрі қызметін 2019 жылдан бері атқарып келе жатқан ол 59 жаста. Одан кейінгі орында 57 жастағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев болып табылады.
Ал ең жас кадрлар – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин. Олар әлі қамал алар қырыққа да келмеді. Жастары 38-де.
Жалпы Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасында ең жас министр Арменияда қызмет етеді. Аталған елдің Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ведомства басшысы 32,6 жаста екен. Ал Одаққа мүше елдер арасында жасы ең үлкен министр Ресейде жұмыс істейді. Ол 71 жастағы Сергей Лавров. Айта кетейік Сергей Викторович көрші елдің Сыртқы істер министрі болып табылады.