ЕЛБАСЫ ЕЛОРДАДА

Қаңтардағы дүрбелең кезінде ел Елбасын іздегені белгілі. Халық Тұңғыш Президенттің елде болып жатқан оқиғаға байланысты жұрт алдына шығып ешқандай пікір білдірмегеніне таң қалысып жатты. Сол кезде өткен жылдың 28-желтоқсанынан бастап жұрт алдына шықпаған Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен бірге елден кетіп қалған болуы мүмкін деген болжамдар жиі айтылды.

Бірақ оның жел сөз немесе шын сөз екенін нақты ажыратып ешкім айтып бере алмады. Тек 8-қаңтарда Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай өзінің желідегі твиттер парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол «Сіздерден жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Елбасы бірқатар консультативтік кездесу өткізіп жатыр және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста» деген мәлімдеме келтірді.

Соған қарамастан жұрт Елбасыны шарқ ұрып іздеуін тоқтатпай, «отбасымен бірге шетелде жүр» немесе «сырқаттанып қалыпты» деген түрлі ресми емес болжамдарға сүйене бастады.

Тек 18-қаңтарда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа бейнеүндеу жолдады. Елбасы елден кетпегінін, осы уақытқа дейін елордада болғанын жеткізді. Нұрсұлтан Әбішұлы қаңтардағы дүрбелеңді террористердің шабуылы деп мәлімдеп, қасіретті оқиғада қаза болғандардың отбасы мен туған-туыстарына  көңіл айтты.  Тұңғыш Президент «Лаңкестер еліміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп жұрттың берекесін қашырды. Мемлекет басшысының шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау баршымыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз»,- деді.

Бұдан өзге Назарбаев өзіне қарата айтылған түрлі алыпқашпа әңгімелерге қатысты «2019 жылы Президент өкілеттілігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанмын. Содан бері зейнеткермін. Сол уақыттан  бері құрметті демалыста жүрмін. Және елден ешқайда кетпедім. Елордадамын»,-деді.

Тұңғыш Президент билік басында ешқандай тартыс, тайталас жоқ екенін де тілге тиек етті. Бұл туралы ол «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында тұтас билік бар. Ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы.  Жуық арада ол Nur Otan партиясының төрағасы ретінде таңдалады. Сондықтан да Ұлы дала елінде ешқандай текетірес, келіспеушілік жоқ. Мұндай қауесеттердің барлығы негізсіз»,-деп шегеледі.

 

С.ИБРАГИМОВА