ТЕРІСКЕЙГЕ БАРАТЫН КӨШ КӨЛІКТІ БОЛУЫ ҮШІН…

Соңғы бес жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында Түркістан облысынан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына 9733 адамды құрайтын 2525 отбасы қоныс аударған. Еңбек ресурсын тиімді пайдалануды көздеген бағдарлама шеңберінде биыл Түркістан облысындағы 3730 мүшесі бар 816 отбасы солтүстік облыстарға көш түзеген.

Бұл туралы Nur Otan партиясының жанындағы республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.

Жауапты министрлік пен облыс әкімдіктерінің есебі тыңдалған жиынды Nur Otan партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Елнұр Бейсенбаев төрағалық етті.
Аталған бағдарлама іске қосылғаннан бастап Түркістан облысына Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының арнайы делегациялары тұрақты түрде келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Қалған екі облыс бұл бағыттағы жұмыстарды орындауда сылбырлық танытқан.
Теріскейге қоныс аударудың артықшылығын түсіндіруге тек бір тарап қана екпін түсіндірмейді. Мәселен, биыл күнгейлік жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Жаңабай Ағабеков өз қаражаты есебінен автобус жалдап, облыстан 30 адамның Павлодар облысына барып-қайтуына демеушілік жасаған. Нәтижесінде 28 отбасы Павлодар облысына қоныс аударған.
Онлайн жиында Бейсен Тәжібаев күнгейден теріскейге көш түзегендердің қатарын көбейтуде бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ол «Көші-қон жұмыстарын жандандыру үшін Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшуді насихаттауға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де тартылып, жүзеге асырылуы керек. Сондай-ақ, ол солтүстік өңір әкімдіктерінің халық көп қоныстанған Сайрам, Жетісай және Сарыағаш аудандарында фронт-офис түрінде өкілдігін ашуды қолға алу қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы бойынша шаруа қожалықпен айналысқысы келетін кәсіпкерлерге логистикасы дамыған елді мекендерден жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарын салу үшін 1-2 пайызбен жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, гранттар беру қажет деп есептейміз»-деді. Сонымен қатар ол, Оңтүстіктегі ағайындар Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстандағы ауылдарды мың рет естігеннен гөрі, бір рет көзбен көріп, жағдайымен танысып қайту үшін азаматтарға бірреттік жолақы қаржы қарастыруды ұсынды. Бүгінде бұл мәселе демеушілер есебінен шешіліп отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, Бейсенбай Тәжібаев оңтүстік өңірден ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға көшіп баратын өңірден 1 айлық жатын орнымен қамтамасыз ететін орталық ашу туралы бастама көтерді. Солтүстікке көшкен азаматтардың несие қарызын өтеуді 1 жылға шегеру, некеде тұрғандарды баланстық құнның қалдық құнымен 5 жыл өткеннен кейін жекешелендіру құқығымен пәтерді жалға беру, оңтүстік өңірдің ірі кәсіпкерлері мен іскер азаматтарына солтүстіктен шаруашылық мақсаттағы жерді жалға беру ісін жандандыру қажеттігін де жеткізді. Егер бір кәсіпкер 10 немесе 20 отбасыны көшіріп, оларды жұмыспен қамтыса, мемлекеттік қолдаулар көрсетілуі тиістігін шегеледі.
Отырыста «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы туралы да сөз болды. Аталған бағдарлама аясында соңғы бес жылда Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарына 10364 жас оқуға қабылданған. Биыл «Серпін» жобасының 320 түлегі оқуды аяқтағанмен олар Солтүстік өңірлеріне тұрақты жұмысқа тұра алған жоқ. 2019 жылы 5109 грант бөлініп, 2292 адам оқуға түссе, 2020 жылы 979 адам ғана қабылданған. Гранттарды толық үлестіру жұмыстарын жауапты министрлік тиянақты түрде жүргізуі тиіс.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Е.Бейсенбаев жиын барысында айтылған ұтымды ұсыныстар бағдарламаға енгізілетінін жеткізді.