РУХАНИЯТ ЖАРШЫСЫ немесе Қанекең туралы оймақтай ой

Атағы мен атқарған ісі, құрметі мен қоғамға сіңірген еңбегі бір ғана өңірдің уысына сыймайтын айтулы азаматтар болады. Олардың әрбір сөзі, айтар кеңесі кейінгіге үлгі-өнеге болары анық. Қазақ «атаның сөзі – ақылдың кені» дегенді тектен-текке айтпайды. Әр сөзінен ақыл тауып, рухынан қуат алатын сондай тау тұлғалы азаматтардың өмірі мен тәжірибесі қоғамның көшін түзеуде айрықша мәнге ие. Атақ-абыройымен даналықтың шыңына айналған сондай азаматтың бірімен жақынырақ танысып, сұхбаттасудың реті келген болатын. Әр ойы өнегемен өріліп жатқан азаматты оңтүстік жұрты жақсы таниды. Ол – Сыздық Қанжігіт Сыздықұлы.

Ұлттық руханияттың ұпайын түгендеуге айрықша үлес қосқан азаматты іздеген әр адам Қанжігіт ақсақалдың үйіне бас сұғады. Біз де бардық. Көргені мен білгені, оқығаны мен түйгенінің өзі бір кітапқа арқау болатын азаматтың өткен өмірімен жақынырақ таныстық. Қанжігіт Сыздықұлы 1951 жылы 11 қарашада қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. Балалық шағын сұрағанымызда ескі естеліктерін емірене еске алды.
– Еңбекке ерте араластық қой. Қара жұмыс жігітті қатайтады. Жауапкершілік жүктейді. Шар болаттай шыңдайды. Қарап отырсақ, ұлттық құндылықтың өзі тәрбиемен ұштасып жатыр. Ағаның ақылын тыңдап, ақсақалдардың алғысын алған бала өскенде елдің қамын күйттеп, жоғын жоқтайтын жігіт болады. Сондықтан ұл баланы ерте кезден еңбекке баулу керек. Оны аяп, жеңіл жұмыс беріп, ауырын өзің істегенің – оның болашағына балта шапқаның. Ер азаматтың абыройы мен құрметі еңбекте жатыр, — дейді Қанжігіт ақсақал.
Аңғарғанымыз, ақсақал әр сөзіне ұлттық құндылық пен ата-дәстүрді тұздық етіп отырады. Сан түрлі саладан да хабары бар. Бастапқыда таңданғанымыз рас. Артынша еңбек жолын сұрадық. Тәптіштеп түсіндірді. Ашып айтып берді.
Қанжігіт Сыздықұлы 1972 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын «Экономист», 1986 жылы Қазақ-Ресей университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 43 жылдық еңбек өтілі бар кәнігі маман. Еңбек жолын 1972 жылы ОҚО, «Талапты» совхозы комсомол комитетінің өндірістен босатылған хатшысы болудан бастаған. Араға жыл салып, Қызылқұм аудандық қаржы бөліміне инспектор болып ауысады. Онда екі жылдай еңбек етті. 1975-1982 жылдар аралығында Қызылқұм аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы болып, жемісті еңбек жолын жалғастырды. 1982 жылдан 1987 жылға дейін Арыс совхозы партия комитетінің хатшысы, ОҚО партия комитетінің нұсқаушысы, бас инспекторы болып істеді. 1987 жылы «Темір» совхозының тізгінін өз қолына алып, екі жыл басқарды. 1989-1991 жылдары аралығында Қызылқұм ауданының Кеңес атқару комитетінің төрағасы болса, 1991-1992 жылдары Қызылқұм ауданы «Шәуілдір» совхозының директоры қызметін абыроймен атқарды. 1992 жылы Отырар ауданының әкімі, 1994 жылы Отырар ауданы «Көкмардан» совхозының директоры ретінде еселі еңбектің үлгісін көрсетті. 1997-2009 жылдары Отырар ауданы, Түркістан қаласы, Төлеби ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болса, 2009-2010 жылдар аралығында елордада ҚТЖ «Жолаушылар тасымалы» АҚ Президентінің кеңесшісі болып қызмет еткен.
Қанекеңнің бір бойына жинаған тәжірибесі мен білімі талайдың таңданысын тудырары белгілі. Атпал азамат қайда жүрсе де, туған жердің алдындағы азаматтық парызды ұмытқан емес. Бас қалада қызмет атқарып, талай қайраткермен табақтас болған ақсақал 2010 жылы оңтүстікке қайтып, Бадам (Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам аудандары және Шымкент қаласы) ауданаралық орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тізгінін өз қолына алады да алты жыл бойы тапжылмай тағы еңбек етеді.
Өңіріміздегі білікті мамандардан Қанекеңнің соңғы қызметіне қатысты мәліметтер жөнінде сұрау салған болатынбыз. Ақсақал мекемені басқарып отырғанда ауқымды істердің жаршысы болған екен. Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін дәлелмен келтірейік. Қанжігіт Сыздықұлы «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау» мемлекеттік мекемесін басқарып тұрған уақытта Ордабасы ауданында тоқырау тұсында жекеменшікке өтіп кеткен 4 мың га жер мемлекетке қайтарылады. Шымкент қаласы аумағынан 2,5 мың га жерге «Жасыл аймақ» белдеуі жасалып, оған 1,5 миллион түп ағаш отырғызылады. Оның игілігін бүгінде қала халқы көріп жатыр. Мекеменің көшет өсіру питомнигі ұлғайтылған. Ашып айтсақ, 2010 жылы 200 мың түп көшетке қауқары жетсе, Қанекеңнің тұсында 1,5 миллион көшетке дейін өскен. Жеміс ағаштарын қоспағанда, 17 түрлі сәндік ағаш көшеттері өсірілген екен. Яғни саны ғана емес, көшет түрі де көбейген. 2010 жылы мекеменің орман қоры небәрі 8 мың гектарды құраса, 2012 жылы 34 мың гектарға бір-ақ ұлғаяды. Осыншама қыруар іс тындырып, абырой биігінен көрінуінің сырын сұрап көрдік:
– Қазақта «халық – Құдайдың бір аты» деген сөз бар. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ел мен жерге борыштар. Ал ел мен жердің алдындағы парыз дегеніміз – көпке қызмет ету. Сондықтан оның маңызын ұмытпаған абзал. Қызмет пен атақ – қолдың кірі. Артыңда қалатыны еңбек қана. Ел жақсылығыңды айтса, ісіңді мақтаса – демек елдің алдындағы парызыңды абыроймен атқардың дегені. Мен ешқашан мақтанған емеспін. Мақтаныш адамды өсірмейді, керісінше, өшіреді. Еңбегің бар болса, елдің өзі-ақ айтады. «Мен мынаны істедім» дей алмаймын, жұрттан сұраған жөн, — деді ақсақал. Осыдан-ақ Қанекеңнің қарапайымдылығы мен еңбекқорлығын терең түсіне түстік. Әр айтылған сөзінің салмағын айқын ұқтық.
Бұдан бөлек, Қанжігіт Сыздықұлының халық қалаулысы ретінде атқарған ісі де бір төбе болып шықты. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген. Облыс көлеміндегі ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооперативтер құру, ауыл шаруашылығындағы мал және егін саласы өнімдерінің сапасын арттыру, ауыл іргесіндегі мал жайылымдарын тұрғылықты халыққа қайтару жөнінде ұдайы ұсыныстар берген. Сонымен қатар қызмет еткен жылдар ішінде бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, Қазақстан Компартиясының аудандық, облыстық комитеттерінің мүшесі болып сайланған.
Қанекеңнің жасаған игі ісі турасында мысалдар көп. Мәселен, ол 1990 жылы қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде Атқару комитетінің шешімімен музыка мектебіне атын бергізеді. 1992 жылы орта мектепке заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шахановтың атын бергізіп, оған республикада алғаш болып темір тұлпар мінгізіп, ауданның «Құрметті азаматы» атағын береді. Бұл турасында өзінен де сұрадық. Айтуынша, қазақ – талантты халық. Тектілігі тамырынан тарайды. Ұлылығын тарих дәлелдеген. Елдің атын әлемге танытып, ұлттық руханиятқа өшпестей із қалдырған азаматтарды ел білуі керек. Еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Сондықтан мұндай бастама қоғам үшін қажет-ақ. Кейінгі буын соларға қарап үлгі алса, ұтылмайды.
Ақсақалдың еңбегін ел біледі. Тындырған ісі үшін құрметтейді. Осы күнге дейін алған марапаты да аз емес. 1981 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Презедиумының грамотасымен, 1979 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Еңбектегі үздіктігі үшін» медалімен, 1992 жылы Халық депутаттарының Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің грамотасымен, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің грамотасымен марапатталған. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының грамотасы табысталды және өңірге сіңірген ерен еңбегі үшін Отырар ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері екенін де айта кету керек. Қанекең 2003 жылы «Салық қызметінің үздігі» атағын иеленді. 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағына лайық деп танылды. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, 2015 жылы Ауыл шаруашылығы Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» белгісімен, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 2018 жылы наурыз айында өңірдің дамуына сіңірген өлшеусіз үлесі үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы құттықтап, облыстық мәслихаттың шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағын берді. Қанекең шетелдік әріптестерінің де назарына іліккен жан. Тіпті, үздік атанып, 2006 жылы Түркияның Сиваш облысының «Құрметті азаматы» атағын алған. Сонау 1998-2000 жылдары салық органында істеп жүргенде кәсіпкерлік істі дамыту, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларда өсіп жатқан балаларға ұдайы материалдық көмек беру мен ауданның дамуына сіңірген еңбегі үшін 2000 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл адамы» атанған. 2002-2006 жылдар аралығында Түркістан қаласында ұлтаралық татулықты нығайту және ардагерлер мен ақсақалдарға жоғары деңгейде құрмет көрсету ісіне белсене араласқанын ескеріп, барлық ұлт ақсақалдары бір ауыздан төбе би етіп сайлаған. Әрине, Қанекеңнің барлық марапатын түгел жазғанымыз жоқ. Жеткен жетістігі жайын өзінен сұрадық.
– Марапаттың үлкені – ел аузындағы өзің туралы айтылып жүрген жақсы сөз бен жылы лебіз. Одан артығы жоқ. Ел ағасы атанған уақытта кейінгі буын құрмет көрсетіп, төрден орын берсе, қатарласың сыйлап, жақсы сөзін айтса, одан асқан баға жоқ. Бастысы, жетістікті қандай да марапатпен бағаламаған жөн. Рас, Құрмет грамотасын да, Алғыс хатты да, медаль мен орденді де алдық. Бірақ 43 жылдық еңбек жолымда «мынаны алсам екен», «мынаған жетсем екен» деген пікірде болмаппын. Ер азамат ерінбей еңбек етсе, қажымай қайраттана түссе, марапаттың өзі артынан ереді, — деді Қанекең. Осы сөзімен-ақ ағамыз көз алдымызда тағы да биіктей түсті.
Қанекеңнің босқа отыруды құп көрмейтінін аңғардық. Зейнеткерлікке дейін де, зейнет жасына шыққаннан соң да шежірені зерттеп, тарихтың толыға түсуіне өз үлесін қосып келеді. «Бабалар рухына тағзым» атты қоғамдық қор ашып, жасаған жұмыстарын жұрт жақсы біледі.
– Егемендіктің ең тамаша сыйының бірі – қасаң саясаттың кесірінен жадтан өше бастаған тарихымызды білуге, тереңірек зерттеуге мүмкіндік туды. Сондықтан қоғамдық қор ашып, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында үш бабамыздың өмірін айқындап, атқарған істерін анықтадық. Ғалым ініміз Аспандияр Әбенов «Қаратаудың басынан көш келеді» атты тарихи романын жазды. Алматы қаласындағы Орталық кітапханада бабаларымыздың еңбектеріне арнап ғылыми-практикалық конференция өткізілді. XVII ғасырдың аяғында Хиуа қаласында білім алып, «Сопы» дәрежесін иеленген Қоңыр бабамызға Түркістан-Шолаққорған жолының бойындағы Иқансу өзенінің жанынан кесене тұрғыздық. Кесене жанынан зияратшылар үшін қонақ үй, музей, намазхана, көпшілік тамақтанатын орындар да салдық. Хиуа қаласында өзі оқыған медресе жанынан музей аштық. Ал ортаншысы Борай биге Арыстанбаб әулие жанындағы жерленген жерінде, кішісі Абылай ханның қолбасшыларының бірі болған Жиенбет батырға Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қызылтау аймағынан кесене салынды, — дейді Қанекең. Ақсақалдың тарихты жетік білетінін де аңғардық. Былайғы жұрттан қазіргі уақытта «Нағанай» қоғамдық қорын ашып, көрші елдердің архивіндегі құнды ақпараттарды жинау, түп атадан тараған ұрпақтың басын біріктіру сынды ауқымды істерді қолға алғанын естідік. Ағымдағы жылы аталған қордың ұйымдастыруымен ауқымды конференция өткен. Ол бойынша «Qaraq tauyndagy konferensya» атауымен деректі фильм дайындалған. Шара материалдары кітап болып басылып, 1000 данамен шығып, барлық оқу орындары мен орталық кітапханаларға таратылған.
Қоғамдық қор атауы да тектен-текке «Нағанай» аталмаған. Нағанай би – тарихи тұлға. Алтын Орда құрамындағы дербес Хорезм ұлысын құрған қоңырат әулетінің қайраткері. Хиуа хандығын бір жарым ғасыр билеген әміршілердің түп бабасы. Міне, осылайша бабаның есімін еншілеген қор тарихты түгендеп, руханиятқа азық болар бастамаларды көтеріп жүр. Ал қоғамдық қордың көшін Қанекең бастап, игі іске мұрындық болуда.
Қанекеңнің алдында көбірек отыра бергіміз келді. Отыра беруші де едік. Әйткенмен жүрдек уақыт өз дегеніне көндірмей қоймайды. Ақсақалдан алған ақылды санамызға мықтап сіңіріп, кері қайттық. Шаңыраққа қадам басқанымызда көп қарияның біріндей көрінген Қанекең әрбір әңгімесімен биіктеп, шығарымызда асқар таудай тұлға болып шыға келді. Иә, қол жетпейтін, қойнына бүккені көп биік шың тәрізді. «Атаның сөзі – ақылдың кені» деп тектен-текке айтпайды. Даналықтың көзіндей болған азаматтың қылыштың жүзіндей өткір әңгімесінен рух алдық. Қоғамға жол көрсетіп, жөн сілтер осындай ел ағалары барда, еліміздің ұтары көп! Жүз жасаңыз, Қанеке!

Р.ПОЛАТБЕКҰЛЫ.