БЕРІЛГЕН УӘДЕ ТОЛЫҚТАЙ ОРЫНДАЛАДЫ
Nur Otan партиясының Шымкент қаласы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында ел назарындағы мәселелер қамтылған. Бағдарлама праймериз кезеңінде тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштер негізінде дайындалды.
Партияның Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі 10 басымдық бойынша Жол картасы әзірленіп, 2025 жылға дейін әр жылға межеленген жұмыстар бөлек-бөлек даярланды.
Депуттаттар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша тындырымды тірліктер атқаруда. Фракция отырысында әр бағыт бойынша мәслихат депуттары бекітіліп, жоспарлар нақтыланған.
Қазіргі таңда биылға жоспарланған іс-шаралардың 47 пайызы толығымен орындалып, қалғандары орындалу үстінде.
Бірінші бағыт «Тұрғын үймен қамту» мақсатында 2021 жылы 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 11,5 млрд теңге қарастырылды. Ағымдағы жылдың 10 айында 474,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Оның ішінде 181 әлеуметтік әлсіз топтағы азамат, 25 жетім бала, 176 көпбалалы ана қоныстойын тойлады.
«Әлеуметтік саланы дамыту» бағыты бойынша білім саласында қуанышты жаңалық көп. Бес жылда 42 мектеп, ал 2021 жылы 6052 орындық 12 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде көрсеткіш 13 мектепке артық орындалып, 12 714 орындық 25 мектеп пайдалануға беріліп отыр.
Шымкентте биыл білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасына көп көңіл бөлініп отыр. Мектептерді жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Қала мектептеріндегі оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Сол себепті мектептер физика, химия, биология, робототехника, СТЕМ-ге арналған 278 арнайы пәндік кабинетпен жабдықталады. Жабдықталу 32 пайыздан 60 пайызға өседі.
Медицина саласында 4 жылда 10 медициналық мекеме, ал 2021 жылы 2 медициналық мекеме салу жоспарланған. Нәтижесінде тәулігіне 2500 азаматты қабылдайтын 5 медициналық мекеме салынып, халық игілігіне тапсырылды.
2020-2021 жылдары материалдық-техникалық жабдықтарға 13,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету орталықтарының жұмысы күшейтіліп, «Тең қоғам» оңалту орталығы ашылды.
Бұқаралық спортты дамытуда 2 спорт кешені, 7 стрит-воркаут, 115 спорт алаңшасы салынды.
«Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағытында 2021 жылы 43,7 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылады. 839 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 3 индустриалдық аймақ ашу жоспарланды.
Шалғайдағы елді мекендерді дамыту және инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 3 магистральдық және 10 елді мекенге ауыз су құбыры, кәріз жүйелері бойынша 3 магистральдық және 16 ішкі орамдық нысандардың, табиғи газ бойынша №3 АГРС және 2 магистральдық, 11 елді мекенге газ құбырлары, электр бойынша 3 подстанция және 15 елді мекенге ішкі жүйелер құрылысы жүргізіліп жатыр.
«1-М-1» және Бозарық қосалқы станцияның құрылысы аяқталып, сапалы электрмен қамту деңгейі 97 пайызға жететін болды.
Жолдар мен көлік инфрақұрылымы саласы бойынша 2021 жылға жоспарланған 4 көпірдің құрылысы аяқталып іске қосылды. 210 аялдама мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықталды. Қоғамдық көлік саласында автобустар толығымен жаңартылып, 590 жаңа автобус бағыттарға қойылды. Қоғамдық көліктер толығымен электронды билет жүйесіне көшті. «Shymkent-bike» жүйесі 100% іске қосылды.
Қоғамдық қауіпсіздік пен цифрландыру саласы бойынша қаладағы 4 аудандық полиция басқармасының жанынан «Бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылып, жұмыс жасауда. Балалардың қауіпсіз ортада білім алуы үшін, іште әжетханасы жоқ 36 мектепке қосымша әжетхана салынып, бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Сонымен бірге қаладағы барлық мектептерде ішкі бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл жұмыс ары қарай жүйелі жалғасын табады деген сенімдемін.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Қ.Байбектің қаулысына сәйкес, сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылау мақсатында қалалық филиал жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылды. Отырыстарда 30-ға жуық резонансты мәселелер көтеріліп, 330-дан астам ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданған. Фракция мүшелері екі қоғамдық кеңестің төрағасы және бірқатар депутаттар кеңестердің мүшелері болып табылады.
Сонымен қатар қаламыздағы 51 бастауыш партия ұйымның 11-де фракция мүшелері төрағалық етеді. Бұл өз кезегінде Жол Картасының сапалы әрі уақытылы орындалуына септігін тигізді.
Осы көрсеткіштерге қол жеткізу барысында фракция мүшелері белсене жұмыс атқаруда. Ай сайын орындалуы бақылауға алынып, сапасы мен тиімділігі қадағалануда. Себебі біздің мақсатымыз — халыққа берген уәдемізді толық орындап, қаламыздың гүлденуіне, халық жағдайын жақсартуға үлес қосу. Осы заманғы сын-қатерлерге батыл жауап беріп, тың серпіліспен алда болуға біз әрқашай дайынбыз. Бұның бәрі бағдарлама аясында жүзеге аспақ.
Nur Otan – жарқын жетістіктердің партиясы!
Бекайдар Тулегенов,
Шымкент қалалық мәслихаттағы
«Nur Otan» партиясы фракциясы
жетекшісі.