ОБЛЫСТА ТҰҢҒЫШ РЕТ МҰЗ САРАЙЫ АШЫЛАДЫ
Түркістанда бірнеше нысандардың құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс нысандарын аралап, жұмыстарды пысықтады.
Қаланың дамуына тың серпін беретін нысанның бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған мұз сарайының құрылысы. Жалпы жер аумағы — 1,92 гектар, ғимарат құрылысының көлемі — 4160,9 шаршы метрді құрайтын нысан құрылысын «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, бірінші қабатын көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл ғимаратта қысқы спорт түрлеріне бет бұрған өскелең ұрпақтың шеберлігі шыңдалатын болады. Сонымен қатар үйірмелер ашылады. Нысан пайдалануға берілсе Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ, өңір басшысы бәсекеге қабілетті білім ұясының бірі болатын «Дарын» мектеп-интернатының құрылысына бет бұрды. Барлығы 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақханасының құрылысын «МК Технострой сервис» мекемесінің жұмысшылары жүргізуде. Құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталған оқу корпусының іргетасы құйылып, кірпіші қалануда. Жатақхананың да іргетасы дайын. Нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы мердігер мекемеге нысанның дер кезінде аяқталуын тапсырды.
Құрылысы қарқын алған кезекті нысанның бірі 25 бригадаға арналған облыстық жедел жәрдем станциясы. Мердігер компания «А-Спецстрой» мекемесі нысанның құрылысын кестеге сай жүргізуде. Бүгінде станцияның әкімшілік ғимаратының кірпіші қаланып, бағаналары құйылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар 25 жедел жәрдем көлігіне арналған гараж, көлік жуатын орын, автокөлік шеберханасының қабырғалары қаланған.
Құрылыс алаңын аралау кезінде Өмірзақ Шөкеев әрбір нысанның облыс үшін маңызы зор екенін айта келе мердігерлер мен жауапты басшыларға жұмысты жанашырлықпен атқаруды айтты. Ғимараттардың сапасы әкімдік тарапынан қатаң қадағаланып, талапқа сай болуына мән берілетінін ескертті.
Д. АМАНҒАЛИ.