ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА!
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының басымдылығын қамтамасыз ету, жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, түпкі нәтиже ретінде еңбек жарақатын болдырмау, көзделген жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиімді жүйесін құру уәждемесін жоғарылатуға бағытталған экономикалық шаралар әзірлеу бағытында жұмысын жалғастырып келеді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы бойынша ең ірі қоғамдық бірлестік деп айтуға болады. Еліміздегі ең әділ әрі тәуелсіз ұйымның құрамында 2 миллионға жуық мүшесі, 16 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.
10 қараша күні Өзбекстан астанасы Ташкентте ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы және Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесін құру туралы хаттамаға қол қойғанын жазған болатынбыз.
Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин үш бағыт бойынша жұмыс істеуді ұсынды:
Біріншісі — жыл сайын Орталық Азия елдерінің субөңірлік кәсіподақ форумын өткізу. Онда кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелерін талқылап, ортақ көзқарастарды әзірлеу. Ал бірінші форумды 2022 жылы Қазақстанда өткізу;
Екіншісі — Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанынан құрылатын Кәсіподақтар академиясының базасында (егер өзбекстандық әріптестер келіссе) бірыңғай білім беру хабын қалыптастыру және онда біздің өкілдер тұрақты негізде жаңа білім алып, кәсіподақтың озық тәжірибелерімен алмастыру;
Үшіншісі — біздің елдердің кәсіподақ шипажайларында кәсіподақ мүшелеріне санаторлық-сауықтыру қызметтерін көрсету үшін кәсіподақтық сауықтыру және туризмнің бірыңғай картасын әзірлеу. Бұдан бөлек, 20 қазанда ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин бастаған делегация Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Брюссельдегі кеңсесінде осы ұйымның бас хатшысы Шаран Барроумен кездесу өткізді. Кездесу барысында Федерацияның ағымдағы жұмысы, одақішілік қызметтің аспектілері, сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бірігу еркіндігі туралы 87-конвенциясын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ал 18-22 қазан аралығында ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин бастаған делегация Халықаралық еңбек ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде ACTRAV еңбекшілер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андремен және Халықаралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Хайнц Коллермен кездесті. Келіссөздер аясында конвенцияларды ратификациялау, лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету және жаңа елдік бағдарламаны әзірлеу бойынша ХЕҰ тарапынан техникалық көмек көрсету туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл ҚР КФ-ның халықаралық аренада өзіндік белсенділігін көрсетеді. Ал Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы өз қатарында 70 369 кәсіподақ мүшесін және 701 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіріп отыр. Кәсіподақтар орталығының құрамында 6 салалық кәсіподақтар филиалы мен 7 жергілікті кәсіподақ бар.
ҚР КФ 2021 жылды Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында 6 еңбек ұжымымен онлайн кездесу өтті. Федерация басшылығы, Парламент депутаттарымен өткен кездесуде кәсіподақ мүшелерінің көптен бері мазалап жүрген мәселелері ортаға салынып, шешу жолында жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ 60 еңбек ұжымымен офлайн кездесулер өткізілді. Кездесулерде көбіне жалақы мәселелері, шипажайларға жолдама беру, және өзге де осы секілді мәселелер көтерілді. Барлығы да Федерация назарында және кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Сондай-ақ Шымкент қаласының кәсіподақтары әлеуметтік-әріптестік аясында да өздерінің белсенді тұстарын көрсетіп, үшжақты комиссия және кеңес отырыстарында кәсіподақ мүшелерін мазалаған мәселелерді ортаға салып, шешу жолында жұмыстар атқаруда. Қаламызда әлеуметтік-әріптестік аясында тұрақты жұмысын жүргізіп отыратын үшжақты комиссияның құрамында Шымкент қаласының әкімдігі, Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы және Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері бар.
Ағымдағы жылы үшжақты комиссияның 16 отырысы өтті. Онда кәсіподақтар тарапынан 15 мәселе көтеріліп, олардың барлығы өз шешімін тапты. Соның ішінде айрықша атап өтетіндері:
1. Қала аумағындағы қосымша білім беру мектептеріндегі (музыкалық мектептер, өлкетану, туризм және экологиялық орталықтар) ғимарат мәселесі;
2. Қала аумағындағы балабақша қызметкерлеріне жалақы қарызы мәселесі;
3. Балабақшалардағы қызметшілерге жалақыны қызмет сапасын бағалай отырып төлеу, яғни ваучерлік әдістің енгізілуі;
4. Білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі;
5. Мәдениет мекемелеріндегі жұмысы аутсорсингке берілуі мүмкін техникалық қызметшілерді әрі қарай жұмыспен қамту мәселесі.
Ал Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінде кәсіподақ төрағасы тарапынан Шымкент қаласында жұмыссыздық мәселесі шешілуі қажет екені айтылып, кәсіподақтар өз құзыреті шегінде үлес қосатыныны жеткізілген.
Қоғамдық кеңес отырысында еңбек ұжымдарында ұжымдық шарттардың орындалуы, жұмыспен қамтылған азаматтың өз еңбегі үшін дер кезінде лайықты жалақы алуы мәселелері де назардан тыс қалмай, еңбек адамының жалақысы нарықтағы азық-түлік, коммуналдық қызметтер бағасына сай индексацияланып отыруы қажет екені айтылған.
Сонымен қатар қала аумағында коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың жұмысшыларына көпшілік орындарда жұмыс уақытында пайдаланатын био-дәретханалар орнатылу мәселесі қоғамдық кеңес отырысында көтеріліп, кеңес мүшелерінің назарына алынды. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыру туралы хаттамаға енгізілді.
Айта кетейік, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Заң клиникасы» мен «Татуластыру орталығы» кәсіподақ мүшелеріне өзінің қызметін көрсетіп келеді.
ҚР КФ жобасы аясында 2021 жылдың сәуір айында «Заң клиникасы» ашылған, онда кәсіподақ мүшелеріне тегін кешенді құқықтық көмек көрсетіледі. Осы жылы «Заң клиникасында» 28 кәсіподақ мүшесі құқықтық көмектер алды.
«Татуластыру орталығына» еңбек адамдарынан 92 арыз келіп түскен, оның басым бөлігі білім саласының қызметкерлерінен және жалақы мәселе бойынша екенін атап өту керек. Осы арыздардың 44-і бойынша медиациялық келісім жасалған. 10 арыз бойынша тараптар өзара келісімге келген. 38 арыз бойынша құқықтық кеңестер берілген. Осынау игі бастамалардың орындалуына ұйытқы болып жүрген «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеевтің де еңбегін айта кеткен жөн деп білеміз. Бауыржан Ілімшеұлы 2015-2016 жылдары Қазақстан Республикасы «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасы өкілінің Қазақстан Республикасы мәжілісіндегі және Үкіметіндегі 1-ші санаттағы эксперті, сонан соң Кәсіпкерлер Палатасының Оңтүстік облысы бойынша филиалының аппарат басшысы қызметін атқарып жүрген кезде, бастауыш кәсіподақ ұйымын ашып, төрағасы болып, кәсіподақ қызметіне алғашқы қадамын басқан. 2019 жылдың тамыз айында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы қызметіне тағайындалған. Қазіргі қызметін 2021 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.
Бауыржан Ілімшеұлы — Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, «Халық құрметі» орденімен марапатталған тәжірибесі мол, көпке үлгі азамат.