ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ НАЗАРДА
Шымкентте «жасыл белдеуді» дамыту мақсатында биыл жалпы аумағы 195 гектар жерге 97500 көшет отырғызу жоспарланған. Бірақ отырғызылған көшеттер саны 60590 бірлікті құрады. Егілген көшеттердің өнімділігі 2266 бірлікті немесе 3,74 пайыздан аспады. Бұдан өзге күзгі отырғызу кезеңінде жалпы ауданы 162 гектар аумақта сексеуіл тұқымын егу және 100 гектар аумақта 200 мың қарағаш егу жоспарлануда.
Бұл бағыттағы жұмыстарды Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы қарқынды түрде жүргізуде. Аталған басқарма қоршаған ортаны қорғаудан бөлек, табиғат пайдалануды реттеу жұмыстары саласындағы іс-шараларды үйлестіреді.
Басқарма ұсынған деректерге сүйенсек, қазіргі таңда қалада 38 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның іщінде 20 жер қойнауын пайдаланушы – тұрақты жұмыс жасауда. Ал 9 жер қойнауын пайдаланушы бойынша рекультивациялау туралы сот шешімі алынған. Және 5 жер қойнауын пайдаланушы бойынша рекультивациялау талап етілмесе, қалған 4 жер қойнауын пайдаланушы бойынша істі сотқа беру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, егістік жерлерді суару каналдарының су өткізу қабілетін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жалпы ұзындығы 131 шақырымды құрайтын 18 каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Мешіт,Темір, Қызыл су, Чинат-2, Бозарық, Құралас, Улух, Улух-2, Чумчак, Шымкент, Янгибай, Текесу, Көкбұлақ, Қызыл сеңгір, Гүлдіреуін-1, Гүлдіреуін-2, Гүлдіреуін-3, Сасық-1 каналдарына.
Биыл каналдардың бойында орналасқан елді мекендер арасында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 100,6 шақырымды құрайтын Қошқар ата, Қарасу, Ақсай-Қарабастау, Жаңа шек, Шымкент, Ынтымақ, Компас, Тоғыс, Сасық сынды барлығы 9 каналда санитарлық тазалау бойынша жұмыстар жүруде.
Қаланың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында Сайрам су оң жағалау, Көк, Чумчак каналдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.