БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА ДЕН ҚОЙЫЛАДЫ

Шымкентте төрт аудан бар. Соның ішінде Әл-Фараби ауданында инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан. Қазіргі таңда ондағы тұрғындардың су, табиғи газ және электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 99,7 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Абай ауданында халықтың сапалы жарықпен қамтылуы 76,5 пайызды құрайды.

Бүгінде Әл-Фараби ауданындағы ұзақтығы 282 шақырым жолдың немесе 404 көшенің 80 пайызына асфальт төселген. Биыл шалғай елді мекенде орналасқан 13 көшеге 5,2 шақырым шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Сәуле» шағын ауданы 195 орамдағы 8 көшеге 3,4 шақырым, Ақтас-2 елді мекеніндегі 5 көшеге 1,8 шақырым тас төселді.
Ауданда күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе – көшелерді жарықтандыру. Қазіргі таңда 404 көшенің 103-і жарықтандырылған. Бүгінде 22 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 6 көше (Жабайы ата, Жұлдыз, Тәжібай ата, Баянауыл, Көктөбе, Дәулетұлы көшелері) жарықпен қамтамасыз етілген.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл ауданда 31 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Келер жылы«Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында 50 аулада абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын құру және 10 спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізіледі. Ал 13 спорт алаңшасы қайта жөндеуден өтеді.
Одан өзге биыл ауданда 2 «Смарт аялдама» және 7 «Ауыз су бұрқағы» пайдалануға берілген. Демеушілер есебінен «Ақылды аялдама» салу және «Ауыз су бұрқағын» орнату жұмыстары жалғасын табады.