ТАЛҚЫЛАУ КӨП, НӘТИЖЕ ЖОҚ… ДЕПУТАТТАРДЫҢ БИЛІККЕ БЕРЕР БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?

Қазақта «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген сөз бар. Соңғы кездері ел тірлігіне араласып жүрген шен-шекпенділердің кейбір тірлігі осы мақалды көп еске түсіріп келеді. Халыққа қызмет көрсетеді деп сенген сол атқамінерлердің кейбір астатөк тірліктері «жаны ашымағанның қасында басың ауырмасын» деген сөзді де тіл ұшына келтіре береді. Ең өкініштісі тойып секіргеннің керін киген сол сабаздарыңның баянды тірлік деп білгендері қазынада жиналған халықтың ақшасымен «тындырылып» жатқаны қарныңды аштырады.

Бұл сөзімізге жуырда Ақтөбе облысы әкімдігінің 200 мың теңгеге жуық қаржыға 50 дана қолшатыр сатып алғаны тұздық болады. Әу баста Ақтөбе облысы әкімдігі 50 дана қолшатыр үшін бюджеттен жарты миллион теңге жаратуға дайын тұрған. Бірақ тауарды жеткізуші тарап 50 пайыздық жеңілдік жасап, қолшатырларды барлығы 195 мың теңгеге өткізіпті. Бес емес, он емес бірден елу дана қолшатырға сонша ақшаны қия салған ақ жағалылардың бұл тірлігі желі қолданушыларына  ұнамады. Ал атқамінерлер болса бұл базарлықты бекер дүние деп санамайды. Жаңбырдан қорғайтын қолшатырларды жарты бағасына алып үнем жасағандарын, көп ұзамай олардың барлығы әжетке жарап,  Үкімет басшысы Асқар Мамин келгенде үкілеп күтіп алуға қолданғандарын «тау қопарып, тас жарғандай»  тірлікке балап айтып отыр.

Жалпы шенеуніктердің бюджет ақшасын жұмсауға келгенде үнем дегенді ұмытып кететініне мысал көп. Осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттік сатып алулар  сайтында басшыға арналған былғары орындық үшін Степногорск қаласы әкімдігі 310 мың, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 280 мың, Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Түркістан облысындағы департаменті 223 мың, Қостанай облысына қарасты Федоров ауданы әкімінің аппараты  151 мың теңгеге ұсынғаны   отандық БАҚ-тарда жарыса жазылған еді. Бағасы 10 мыңнан басталып, 400 мың теңгеге дейін баратын орындыққа келгенде шенеуніктер талғамының зор екенін осылай бір дәлелдеп берген еді. Олар халыққа шенеуніктердің талғамы емес, тірлігі маңызды екенін қаперіне де алмайтындай.

Қазақстандық шенеуніктердің талғамы былайғы жұртты тек қайран қалдырып қана қоймай,  күлкісін де келтіреді. Естеріңізде болса, өткен айда Ақтау қаласы әкімдігі 200 шаршы метр алаңға пластик қызғалдақтар «ектіріп», бұл жоба үшін 15  млн-нан аса қаржыны жаратқан болатын. Біраз жұрт мұны ақшаны желге шашу деп баға берсе, әкімдік өкілдері бұл «Гүл алаңы» түнде айналаға жарық түсірсе, күндіз әсем көрініс сыйлайды деп ертегі айтқан.

Арада он күн өткенде төңірекке ерекше реңк береді деген «Гүл алаңындағы» пластик қызғалдақтардың жайрап жатқанына ел куә болды. Сонда да әкімдік өкілдері мұны сапасыз дүние екенін мойындамай, адам қолымен жасалған қастандық деп баға берді.

Төңіректі түрлендіреді деген түсіндірумен Тараз қаласы әкімдігіде 42 мың гектар  жерге 22 млн теңгеге ағаш көшеттерін отырғызғаны, бірақ еккен ағаштар көктемей қурап қалғанына ел куә болды.

Тере берсең осы сынды мысалдар жетерлік. Бір қызығы халықтың ренішін тудыратын мұндай тірліктерді биліктегілер ың-шыңсыз, ылжым-жылдым «орындап» тастайды. Ал халық үшін аса маңызды деген мәселеге келгенде сағызша созылып, сылбыр қимылдап жатады. Соның бірі былғары креслода отырғандардың қымбатшылыққа тосқауыл қоя алмай отырғаны. Газетіміздің өткен сандарында елімізде қымбаттамаған дүние қалмағанын жазған едік. Тек біз емес, бұл мәселе талай мінберлерде көтеріліп келеді. Алайда қанша айтылғанмен, мәселеге дәу нүкте қоюға келгенде биліктегілер асығар емес. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «Елімізде Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға 2 трлн теңге жұмсалды. Ендеше  аталған зауыттардың жыл сайын жөндеу жұмыстары үшін уақытша тоқтатылатынын қалай түсіндіресіздер? Бірақ министрліктің жауабы әрқашан дайын. Егер дизель отыны  тапшы болса, оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі. Егер автогаз жетпесе, оған газбен жүретін көліктер санының көбеюі туралы сылтау айтады» деп келтіргеніндей,  Үкіметтің де жауабы жаттанды болып қалды. Тіпті көрмес түйені де көрместің керін кигендей ма дерсің. Тіске басар ең маңызды деген азық-түлік бағасының күн санап қымбаттап бара жатқанының айтылып жүргені қашан.

Бірақ 6-қарашада өткен Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде атқамінерлер «соңғы аптадағы көрсеткіш бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0 пайызды құраған. Қабылданған шаралар есебінен сәбіз, пияз, картоп бағасы бірнеше пайызға төмендеген» деген  мәліметті сүйіншілеп жеткізіп отыр. Үкіметтегілер айтып отырған арзаншылықты былайғы жұрттың сезбей отырғанын қалай түсінеміз?

Сейсенбіде «Nur Otan» партиясы  жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Жиында Жайық өзенінің жайын қозғаған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов «Талқылаумен айналысып келе жатқанымызға 10 жылдан астам уақыт болды. Әлі күнге дейін нақты іс-әрекет жоқ. Тек қана зерттеу. Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының қатарына қосуды сұрап бір жыл бұрын ресми сауал жолдадым, бірақ әлі күнге дейін ештеңе жасалмады», деп атап өтті.

Мәжіліс депутатының сөзінің жөні бар. Шынында да  еліміздегі өзекті мәселелерді талқылап келе жатқанымызға қанша жыл өтті. Тек талқылау… Нәтиже, нақты іс-әрекет аз…

С. ИБРАГИМОВА.