ШӨКЕЕВ 30 МЛН КӨШЕТТІ КӨКТЕТЕ АЛА МА?

Түркістан облысындағы орман қоры  3 млн 116 мың гектарды  құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 487 мың гектарға жетеді. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай орман қоры жерлеріне 30 млн-нан астам көшет егілуде. Бүгінге дейін меженің біраз бөлігі орындалып, 21 млн дана көшет отырғызылған.

Редакцияға келген хабарламада  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиевтың осылай дегені мәлімделген.

Хабарламада басқарма басшысы ағымдағы жылы орманды молайту шаралары бойынша 1 000 гектар жерге мәдени орман екпелерін егу және 10 600 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізгені жазылған. Одан өзге  орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағында 27 миллионнан астам көшет өсіріліп, алдағы жылы 30-35 миллионға жеткізу жоспарланғаны көрсетілген.

Осы айдың басында Тараз қаласы әкімдігінің қалаға кіреберіс аумақта жасыл белдеу қалыптастыру үшін 30 гектар алқапқа 42 мыңға жуық қарағаш отырғызғаны, бірақ егілген көшеттер қурап, төңірек қоқыс төгетін алаңға айналып бара жатқаны, осылайша қазынадан қаралған 22 млн теңге желге ұшқаны туралы мәселе айтылған еді.

Түркістан облысында ел егемендігінің 30 жылдығына орай 30 млн көшеттің егілетіні туралы ақпарат айқайлап тұр. Ал оның орындалуы Таразда қураған көшеттердің кебін кимейтініне кім кепіл береді? Әулиеата өңірі 42 мың көшетті жерсіндіре алмаған. Ал Түркістан облысы әкімдігі 100 мың емес, миллион емес, бақандай 30 млн көшетті қалай көгертпекші?