«АТАМЕКЕН» ОҢАЛТУ ЕМІН ҚАЙТА ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Шымкенттегі «Атамекен» оңалту орталығының мамандары оңалту емін қайта жалғастырады. Бұған дейін бұл орталық коранавирус инфекциясы мен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Алдағы қараша айынан бастап «Атамекенде» түрлі жарақат алған және дерті асқынған науқастарға реабилитациялық көмек көрсетілетін болады. Оңалту емі науқастарға тегін жүргізіледі. Ол үшін ем алуға келуші тұрғынның тіркелген мекенжайы бойынша емханадан алған жолдамасы болуы тиіс.
Емдеу мекемесінде инсульт, травматологиялық оталардан кейінгі, COVID-19 белгілері бар пневмониядан кейінгі ерте оңалту шаралары тәулік бойы стационарлы деңгейде жүргізіледі.
«Атамекен» реабилитация орталығына келген әрбір науқаспен арнайы білікті мамандар тобы жұмыс істейді. Пациенттің жағдайын жеке бағалап, ем-шара тағайындайды. Орталықта физио ем, ине терапиясы, массаждың түрлері, логопедиялық массаж және емдік дене шынықтыру арнайы нұсқаушы маманының бақылауымен жүргізіледі.
Сондай-ақ реабилитолог, невролог, травматолог, пульмонолог, психолог, логопед және т.б. жеке бейінді мамандардың кеңесін тегін алуға болады.