ШЫМКЕНТТЕ АУЫР ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАНДАРДЫҢ БӘРІ ҚҰРЫҚҚА ТҮСКЕН

Шымкентте ағымдағы жылдың сегіз айында есірткіге қатысты жалпы 276 құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға немесе 109 дерекке көп.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 18 күдіктіден құралған 4 қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ, 724 есірткі сайт жарнамаланған мекен жай анықталып, жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында автокөлікті есірткіге мас күйінде басқарған 32 жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, соңғы үш жыл көлемінде ауыр және аса ауыр санаттағы кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр жарақат салу, зорлау, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық және жас балаларды азғындық жолға түсіру қылмыстары 100 пайыз ашылғанын атап өтті. Сервистік полиция қағидатын жүзеге асыру мақсатында «Police 102» мобилдік қосымшасы іске қосылған. Бүгінгі таңда аталған қосымшаға келіп түскен 534 хабарламаға қызмет көрсетілген.
Өз кезегінде Ералы Мұсаәліұлы қылмыс жасағандардың ізін суытпай құрыққа түсіруде бейнекамералардың көмегі көп екенін атап өтті. Бұл туралы ол «Қауіпсіз қала» жобасы аясында әкімдіктің қолдауымен көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларында орнатылған бейнекамералардың қылмыстың алдын алу және оны ашудағы тиімділігі зор. Осы бағытта қалада жыл соңына дейін 3740 бейнеқұрылғы орнату жоспарлануда. Оның ішінде 2240 бейнеқұрылғы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, 1500 бейнеқұрылғы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылады. 120 көше қиылысына 1440 бейнеқұрылғыларды, 200 көше бойына 800 бейнеқұрылғыны, адамдар көп жиналатын орындар мен үйлердің аулаларына 1500 бейнеқұрылғыны орнату жоспарлануда», -деді.