ҚАРИЯЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ПАРАСАТТЫ ПАРЫЗ

1-қазан – Халықаралық қарттар күні. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Асыл жүрек» орталығының жұмысымен танысты. Онда қызмет алушылармен тілдесіп, қарттар күні мерекесімен құттықтады.

Шымкенттегі әлеуметтік-медициналық «Асыл жүрек» орталығы 2019 жылдың наурыз айында ашылған. Мұнда күніне 4 сағат ақысыз жартылай стационарлық жағдайында медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық екі ауысымда жұмыс істеп, бір ауысымда 80 адамға дейін қызмет көрсетеді.
Орталықтың әрбір жұмыс күні зейнеткерлерді дәрігерлік тексеруден басталады. Қарттарға қызмет көрсету үшін жоғары санатты кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Жуырда мекемеде физиотерапия кабинеті ашылып, көпфункционалды бірнеше сырқаттарға таптырмас ем болатын «Полимаг» қондырғысы іске қосылды.
Орталықта жыл басынан бері 235 зейнеткер екі ай көлемінде арнаулы әлеуметтік қызмет алды. Алдағы уақытта қаладағы төрт ауданда орталықтың бөлімшелерін ашу жоспарлануда.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 82 351 зейнеткер бар. Оның ішінде ҰОС ардагерлері 12 болса, тыл еңбеккерлері – 2848-ге жетеді.
«Асыл жүрек» орталығында сауықтыру шарасын өткізу үшін жеке куәлік пен зейнет кітапшасының көшірмесі, медициналық картаны толтырып, ХҚКО арқылы өтінім беру қажет. Өтінім негізінде орталықта сауықтырудан өту туралы жолдаманы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы береді.