ӨЗІМІЗДЕН ШЫҒАТЫН ӨНІМДЕР ҚАНДАЙ?

Шымкент қаласының халқы бір жылда бірінші сұрыпты ұнның 14 256 тоннасын, қалыпты бөлке нанның 77 529 тоннасын тұтынады екен. Қала халқы үшін бір жылға қажетті рожки 4 825 тонна болса, қарақұмық жармасы 2 193 тоннаға  жетеді екен. Сонымен қатар тұрғындар бір жылда  9 321 тонна күріш тұтынса, картоптың мөлшері 104 177, сәбіз және пияз  21 932, қырыққабат 14 913 тоннаға жетеді.

Қала тұрғындары бір жылда тұтынатын шекер мөлшері 19 739 тонна болса, күнбағыс майынан 7 676 тонна, сиыр етінен 16 449 тонна, тауық етінен 5 483 тонна, айран, сүттен 92 663 тонна, жұмыртқадан – 155 717 200 дана, тұздан 2 401 тонна және сүзбеден 5 373 тонна тұтынады.
Бұл туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мәлімдеді.
Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 түрлі өнім кіреді. Олар – ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе.
Жалпы мегополис өзін-өзі бірінші сұрыпты ұн, рожки, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен 100 пайызға қамтамасыз ете алады. Ал сүт өнімдерімен – 50 пайызға, тауық етімен – 41 пайызға, сиыр етімен – 65 пайызға және көкөніс өнімдерімен – 10-15 пайызға қамтамасыз етуге қауқарлы.
Мамандар тұз, қарақұмық жармасы, күріш және шекер секілді азық-түлік тауарларының қаламызда өндірілмеуіне байланысты олар көршілес облыстардан және шет мемлекеттерден тасымалданатынын алға тартады.
Сонымен бірге олар қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры, тауар өндірушілерді, қоймалар мен сауда нысандарын қосқанда жеткілікті және де тапшылық бойынша ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.