АЛЮМИНИЙ БАНКА ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

Шымкентте жыл соңына дейін алюминий банкалар өндірісі іске қосылады. Өнімді Қазақстандағы бірегей кәсіпорын – «KazAlPack» мекемесі шығаратын болады. Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қолға алынады. 

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Қаланың индустрияландыру картасына енген бұл жоба «Оңтүстік» индустриалды аймағында жүзеге асырылуда. Бүгінде құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жыл соңына дейін 145 жұмыс орнымен ашылатын бұл жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 19 млрд. теңге көлеміндегі қаржы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде бөлінеді.
Өндіріс орны бір жылда 500 млн. дана қалбыр банка шығарып, еліміздегі ішкі сұраныстың 65 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, индустрияландыру картасы шеңберінде қаламызда биыл 17 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 40 млрд. теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 758 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биылғы сегіз айда 5 жоба іске қосылып, 385 жаңа жұмыс орны ашылған. Тартылған инвестиция көлемі 12,6 млрд. теңгені құраған.