МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНІҢ 30 ПАЙЫЗЫ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ӨНДІРІЛЕДІ
Елімізде өндірілетін мұнай өнімдерінің 30 пайызы Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында өндіріледі. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС атауымен танымал кәсіпорын Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі.
Өндіріс орнында 2011 жылы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде модернизациялау және қайта жарақтандырудың ауқымды жобасы басталған. Жаңарту жұмыстары 2018 жылдың соңына қарай аяқталған.
Модернизациялау нәтижесінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» шығаратын отынның сапасы К-5 халықаралық экологиялық классына дейін артып, өндірістің экологиялық қауіпсіздік деңгейін көтерді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 6 млн.тоннаға дейін ұлғайып, өнімділік көрсеткіші артты. Сондай-ақ, қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтты.
Жаңғырту жобасы аяқталғаннан кейін мұнда автоматтандырудың, цифрландырудың озық жаңа технологиялары, өндірістік процестерді одан әрі жетілдіру және шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейту саласында халықаралық тәжірибе кеңінен енгізіліп жатыр.
Бүгінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауыты қала бюджетіне қомақты төлем жасап, бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға өзіндік үлес қосуда. Бұдан бөлек алып кәсіпорын ондаған шағын және орта бизнестің қалыптасуы мен гүлденуіне септігін тигізуде.