САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕННІҢ ӘУРЕ-САРСАҢЫ КӨП

Салық төлеу – міндетің! Бұл бәріне аян аксиома. Ал салық мезгілінде төленбесе не болады? Бұл сұраққа Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а. Бахыт Тұрсынов төмендегіше жауап берді.

– Салық мерзімінде төленбеген жағдайда, заң аясында жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылады. Салық төлеуді мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Осы ретте әрбір кешіктірілген мерзімге өсімпұл сомалары есептелінетінін айта кетейін. Сот орындаушылар тарапынан барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Яғни, банктік есеп шотына бұғат қою, шетелге шығуға шектеулер қою, жылжымайтын, жылжымалы мүліктерді тәркілеу, оны әрі қарай аукцион арқылы сату сынды жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ, бюджет алдында берешек қарызыңыздан бөлек, қосымша тағы да 25 пайыз өндіріледі. Мысалы, Сіз бюджетке 100 000 теңге қарыз болсаңыз, бюджетке 100 000 теңге, оған қосымша 25 пайыз (25 000 теңге) сот орындаушының қызметіне төлем жүргізесіз. Егер, бюджет алдында 1 теңге қарызыңыз болса банктік есеп шоттарыңыз арқылы қаржылық операцияларды жүргізу, банктік есеп шоттарынан ақша алу, банктік есеп шот ашу, депозит шоттарын ашу, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу, тұтынушылық несиелер рәсімдеу және т.б. операциялар жүргізе алмайсыз.
Осылай деген Бахыт Сұлтанов жабық базарлар, сауда үйлері, дүкендер, павильондар аумағында көтерме және (немесе) бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлерге QR-кодты (штрих-кодты) орналастыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Оның сөзінше қаладағы «Шымкент плаза», «Орталық әмбебап дүкен», «Мега планет», «Береке», «Нyper house», «Наурыз парк» сауда үйлері толығымен QR-кодты (штрих-кодты) орналастырған.
Аталған брифингке Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Жұман Шерхан да қатысты. Ол «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ол:
– Электрондық қызметтерді алу кезінде салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздің Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Аталған қосымшаны App Store және Play Market арқылы жүктеп алуға болады. «Е-Salyq Azamat» қосымшасында салық әмияны, жалпыға бірдей декларациялау, салық салу объектілері, қызметкердің еңбек ақысы, салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы, БЖТ, электронды сервистер, калькуляторлар, жиі қойылатын сұрақтар қызметтері іске қосылды, -деді.
Айта кетейік, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар сондай-ақ, олардың жұбайлары (зайыптары) тапсыратын активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы ұсынуға болады. Және де «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.