МӘРТӨБЕГЕ 70 МЫҢ МЕЙМАН БАРҒАН
Шымкентте 110 туристік нысан бар. Оның ішінде жеті тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген. Аталған жобаға енген нысанның бірі – Мәртөбе кешені.
Ерекше кешен Шымкент қаласындағы «Сайрам» тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан. Қалашықтың орны ҮІІ-ХІІ ғасырларға тән. Биіктігі 6-7 метрді құрайды.
Қойнауы қалың тарихқа тұнып тұрған кешенде әйгілі «Дала Парламентінің» келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» мөр басылған.
Қолайлы климат, айналаның «бір көзден» көрінісі, Ташкент пен Түркістан сияқты ірі қалалардың жақын орналасуы қазақ билері Мәртөбеде жиналуының негізгі факторы болған.
Мәртөбе кешені бүгінгі таңда танымал туристік бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылдан бері Сайрам тұрғын алабындағы бұл тарихи нысанды тамашалауға 70 мыңдай турист келген.