ИНТЕРНЕТ САПАСЫ ӘУРЕ-САРСАҢҒА ТҮСІРСЕ…

Бүгінде Шымкент аумағындағы интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталып, оптика тарту жұмыстары жүргізілуде. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде «Нұртас», «Тассай», «Таскен», «Пахтакор» шағын аудандарындағы 4 көшеге (400 үйге) кабель жүргізіліп, интернетке қосылды. Ал «Ақжайық» және «Достық» шағын ауданына талшықты оптика желісі толық жүргізілді.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
Өз кезегінде басқарма басшысы жеке инвестор «Fishnet» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде инвестор есебінен 2021-2023 жылдары қаладағы шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға қаржы қарастырылғанын, нәтижесінде, 80 000 үй сапалы интернет желісімен қамтылатынын, бүгінде инвестор тарапынан интернетпен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары Рысқұлов-Адырбеков, Қонаев-Желтоқсан мекенжайларында басталғанын атап өтті.
Бұдан бөлек ол, биыл базалық станциялардың санын ұлғайту және байланыс сапасына толық талдау жүргізу мақсатында басқарма өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп қала аумағындағы 45 елді мекен мен шағын аудандарға арнайы құрылғылармен байланыс сапасын тексеру жұмыстарын жүргізгенін айтты. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Қаратау ауданына қарасты бірқатар мекенжайларда интернет сапасы талапқа сай еместігі анықталған. Соған сәйкес айыппұлдар салынған.
Аталған брифингте Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұловта қатысты. Өз кезегінде азаматтар Ержан Дәулетұлы байланыс саласындағы мәселелер бойынша өтініштерді Шымкент қаласы, М.Дулати көшесі 3, үшінші қабат, 19а кабинет мекенжайына келіп немесе 54 01 00, 53 49 52 нөмірлері және Е-өтініш бағдарламасы бойынша «egov» порталы арқылы жаза алатындарын жеткізді.